Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды

Еркін Рахметов – “Атамекен Агро-Есіл” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

-Қазіргі таңда алқаптың 50 пайызындағы астықты орып, жинап алдық. Серіктестікте су жаңа 13 жоғары өнімді комбайн бар. Осындай заманауи техникалардың арқасында орақ науқанын ысырапсыз аяқтаймыз деген үміттеміз.

Далада тегеурінді техникалар жаңбырлы күнге байланысты уақытша бөгелсе де серіктестіктің қырман басында қызу жұмыс бір сәтке де тоқтаған емес. Мұнда келіп түсіп жатқан бидайдың ылғалдылығы шамамен 15-16 пайызды құрайды. Тәулігіне диқандар алтын дәннің шамамен 400 тоннасын тазартады.

Мырзан Қасымов – “Атамекен Агро-Есіл” ЖШС тоқ меңгерушісі, Есіл ауданы:

-Линейный элеваторға, Новоишимкаға жөнелтеміз. Күніне 200 тонна жібереміз. Сонымен бірге, біз астықты арнайы орамаларға да саламыз. Сақталуы -1,5-2 ай, ылғалдылығына байланысты.

Биыл Есіл ауданының жер емген шаруалары 186 мың гектар егістік алқабына дән сіңіріпті. Соның 146 мың гектарына бидай егілсе, қалған 40 мыңы майлы тұқымдастарға тиесілі. Бүгінге дейін есілдік диқандар жалпы егістік алқабының 60 пайызындағы астықты шашау шығармай, қамбаға құйып үлгерген. Аудандағы орташа берекелік гектарына 15,2 центнерден айналуда.

Медальбай Әбдірахманов – Есіл ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

-Егін орағы жүріп жатыр. Бүгін шамалы жауын жауып, кішкене тоқтап қалдық. Ауа райы дұрысталғаннан соң орақ науқанын ары қарай жалғастыратын боламыз. Ауданымызда егіннің 70 пайызын жинап алған шаруашылықтар мен серіктестіктер бар. Жанар-жағармай толық жеткізілген.

Есіл ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ерік Сұлтанов аграрийлерден орақ науқанының қандай деңгейде жүріп жатқанын сұрады. Өңір жетекшісі есілдік шаруаларға жиылып жатқан астықты элеваторға тапсыруға қарқын қосу қажеттігін айтты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Биыл Ресей Федерациясы 100 миллион тонна бидай сатып алуды көздеп отыр. Мұндай тиімді мүмкіндікті қалт жібермеу керек. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының жергілікті филиалымен келісім жасасуды жеделдету қажет.

Өңір жетекшісі Ерік Сұлтановтың келесі аялдаған нысаны – “ӘулиеГолдМайнинг” зауыты. Өткен жылы ашылған кәсіпорын бүгінге дейін 25 келі таза алтын өндіріпті.

Павел Джулай – “ӘулиеГолдМайнинг” ЖШС директоры:

-Жоба 5 жылға есептелген. Елді мекенде алтын өндіріп жатқанымызға 1 жылға жуықтап қалды. Кәсіпорында 300 қызметкер еңбектенеді.

Айта кету керек, кәсіпорын басшылығы жыл соңына таман 50 келі алтын өндіруді межелеп отыр.

 

 

Бакыт Садуакасов