Қоғам

«Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедиция өңірімізге келді

Ең алдымен меймандар Айыртау ауданына соғып, сол жердегі тарихи жәдігерлермен танысыпты. Ал бүгін Петропавл қаласындағы мұражайларды аралауда. Олар алдағы 3-4 күн ішінде өңірдегі барлық тарихи нысандарға соғып, құнды деректер жинауды жоспарлап отыр. Себебі Солтүстік Қазақстан облысы тарихқа толы құтты мекен.

Нұрбек Шаяхметов- ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ ғылыми-сараптамалық қолдау және әдістемелік қамтамасыз ету қызметінің жетекшісі:

-Солтүстік Қазақстан облысының тарихы орындары, мәдени жәдігерлері, рухани құндылықтары керемет екенін білетінбіз. Оған біздің тіпті көзіміз жетіп, көңіл сарайымыз кеңіп отыр. Бірінші келген аудан ол Айыртау ауданы болатын. Бұл жерде «Сырымбет», одан кейін жылқыны қолға үйреткен алғашқы «Ботай» қонысы бар. Одан кейінгі мәдени-тарихи кешен ол «Қарасай мен Ағынтай» ескерткіші. Шоқанның мұражайы. Осылардың бәрін қарап өттік.

Бұдан соң облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болған зиялы қауым өкілдері мұндағы бар 13 залдың барлығын аралап шықты. Кейін өңіріміздің тарихшыларымен, өлкетанушыларымен кездесті. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында мұндай экспедицияның өлкемізде жұмыс істеуі, тарихымызды зерттеуге тағы бір үлкен мүмкіндік туғызды деп отыр.

Зәуре Картова- М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих, экономика және құқық факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты:

-Қазақстан аумағынедағы, СҚО өлкесіндегі тарихи ескерткіштерді, Ұлы тұлғалардың өмірін, тарихи құбылыстарды зерттеуге мүмкіндік туғызады.

Кітапханада болған экспедиция мүшелері «Теңдесіз сый» акциясы аясында, мекемеге кітаптар сыйлады. Ал ертең экпедиция мүшелері Мағжан Жұмабаев ауданына барып, Сарытомар ауылындағы ақиық ақынның мұражайында болмақ. Кейін Қостанай облысына жол тартады. Содан кейін 9 қазанда Тараз қаласында экспедиция өз жұмысын аяқтамақ.

 

 

Магжан Ахмадина