Қоғам

Астраханка орта мектебінде модульді пеш іске қосылды

Тавис Акмалов – Астрахан орта мектебінің от жағушысы, Аққайың ауданы:

-Мұндай жылыту пешімен өмірімде алғаш рет жұмыс жасаудамын. Бұрынғы жылыту қазандығынан әлдеқайда тиімді. Ең алдымен нысанды жылыту үшін бұған көмір мен аздаған отын саламыз. Кейін компьютер арқылы белгілі бір температураға жеткіземіз. Қондырғының артықшылығы сонда, ғимарат ішін аз уақыттың ішінде жылытуға мүмкіндігі бар.

Аталмыш модульдік жылыту құрылғысы қалыпты температураны 6 сағат бойына ұстай алады. Ал бір ауысымда оған 2,5-3 тонна көмір жұмсалады. Инновациялық модульді пеш еліміз бойынша индустирияландыру картасына еніп отырған бірегей жоба. Елді-мекендегі мұндай тың жаңашылдықтың салтанатты түрді іске қосылуына облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев те қатысты. Ол мұндай жылыту пештерімен өңірдегі өзге де әлеуметтік маңыздағы нысандар жылытылмақ, – деді.

Мұхтар Манкеев – СҚО әкімінің орынбасары:

-Құрметті, Астраханка ауылының тұрғындары, біріншіден, бүгін біздер осындай инновациялық жобаны сіздердің ауылдарыңызда іске қосып жатырмыз. Шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыздың энергия сақтау саясаты үлкен орын алады. Сол себептен, өңірдегі осы жобаны өзіміз арнайы келіп ашып отырмыз.

Елімізде соңғы уақытта жылумен қамтуда уақытты үнемдеп, шығынды азайтатын бірегей технологияларды жүзеге асыруға басымдық беріледі. Бастысы, бұл қондырғы қоршаған ортаны зиянды қалдықтармен ластамайтын көрінеді. Оған қоса жобаны теріскейде жүзеге асыруға жергілікті басшылық та қолдау көрсетіп отыр. Жылыту қондырғыларын облыс орталығындағы “Сапро-НАТ” ЖШС-і құрастырады. Заманауи пеш жасауды оң жолға қойған кәсіпорынның жоспары да ауқымды.

Александр Топченко – “Сапро-НАТ” ЖШС директоры, Петропавал қаласы:

-Сапро-НАТ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осыдан 3 жыл бұрын құрылған болатын. Бүгінге дейін жергілікті жерде 30 модульді ұзақ жанатын қатты отын пешін саттық. Қазірде көршілес Ақмола, Қостанай облыстарынан да сатып алуға өтініштер келіп түсуде.

Айта кету керек, Аққайың ауданда қыркүйек айының аяғына дейін инновациялық модульді ұзақ жанатын қатты отын пеші тағы 3 мектепте орнатылатын болады.

 

 

Бакыт Садуакасов