Білім

Студенттер спорттық орнитологиядан жарысқа түсті

Михаил Калашников – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті, орнитологтар жарысын ұйымдастырушысы.

-Құс зерттеушілер жарысына бұл жолы 13 команда қатысуда. Шараның негізгі көздегені – студенттер арасында қоршаған ортаны қорғап, құстарды зерттеуге деген қызығушылықты арттыру. Байқап тұрғандарыңыздай, әуесқой орнитологтар көптеп жиналды. Жарысқа қатысушылардың негізгі бөлігі – биология мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер. Сол себептен мұндай сайыс, бір жағынан оларға қызықты уақыт өткізіп, екіншіден, танымдық жағынан пайдалы болары сөзсіз.

Студенттер жарыс талабына сәйкес 3 сағат ішінде, түрлі құстарды фотоаппаратқа түсіруі қажет. Кейін әр команда мүшелері өздері жинақтаған қанаттыларды көлемі мен түр-сипатына қарап, нақты қай құс екендігін анықтайды. Өстіп, қай команда құстың атауын дәл айтса, солар жеңіске жетеді. Дарина Құдренова бүгін өз құрамасының жеңіске жететініне сенімді, өйткені орнитологтар жарысына алғаш қатысып тұрған жоқ.

Дарина Құдренова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті.

-Маған қанаттыларды бақылаған ұнайды. Бұл да бір уақытыңды құр бос өткізбей, тиімді өткізудің жолы. Оған қоса өзіңе құстар жайында көп мәлімет аласың. Әрине, құсты суретке түсіру оңай емес. Айқын, әрі нақты бейнені ұстап үлгеруің керек.

Жарыс қорытындысына сәйкес ең жоғары ұпай жинаған құрама мүшелері республикалық кезеңге қатысып, облыс намысын қорғайтын болады.

 

 

Бакыт Садуакасов.