Ауыл шаруашылығы

Петропавлда ірі қара малға екпе егу науқаны жүріп жатыр

Ольга Пилюскова, Жұмысшы кентінің тұрғыны:

– Ірі қара асыраушылар үшін уақытылы екпе жұмыстарын жүргізген дұрыс. Оның үстіне барлығы тегін атқарылады. Бүгін Красуля мен Зорька деп аталатын екі сиырыма екпе егілді. Солардың сүті мен қаймағын сатып күнелтемін. Енді таза өнімдерімді еш қорқынышсыз саудалай бермекпін.

Сондай-ақ, ветеринарлар қыстың алдында малдарды түгендеп, қажетті құжаттарын әзірлейді. Мамандар осылайша ем алған ірі қараның санын реттеп, жұқпалы аурулардың алдын аламыз деп отыр.

Ирина Гуськова, Петропавл қаласы ветеринарлық станциясының мал дәрігері:

– Күзгі екпе маусымы тамыз айынан басталды. Жыл сайын малдарды бруцелезға, туберкулезге тексереміз. Бүгін қан алып жатырмыз. Сараптама қорытындылары 10 күннен кейін белгілі болады. Одан кейін барып, Сібір безгегіне қарсы егу жұмыстары жүргізіледі.

Сібір безгегі соңғы рет қала аумағында 1972 жылы тіркелген екен. Ал, биылғы жылғы қан алу маусымында сарып ауруына шалдыққан бір ірі қара анықталып отыр. Сондықтан, тұрғындар да жануарларына уақытылы екпе жасатып, жұқпалы індеттің алдын алуды жөн санайды. Айту керек, мал ауруларының алдын алу шараларына қажетті екпе бюджеттен бөлінген қаражат есебінен тегін жасалады.

 

Акбопе Танирберген