Білім

Облыс мектептерінде білім сапасын арттыру қажет

Жиында келелі 2 мәселе қаралды. Алғашқысы – Ұлттық Бірыңғай Тестілеу тақырыбы. Мемлекеттік сынақ мектептің, ауданның, өңірдің білім сапасын көрсетеді. Өкінішке қарай, 3 жыл қатарынан облысымызда білім сапасының динамикасында өсім байқалмайды. Бір деңгейдегі бұл көрсеткішті шетелдік технологияларды енгізе отырып қалай да жоғарылату керек дейді жиынға қатысушылар.

Қайролла Адыкенов, Жамбыл орта мектебінің директоры, Уәлиханов ауданы:

– Ел болашағы жарқын болу үшін білімді мықты азаматтар керек. Ол үшін шалғайдағы ауыл мектептерінің білім сапасын әлемдік деңгейге жеткізу керек. Шетелдік технологиялар мен әдістемелерді қолданған дұрыс.

Ағарту саласы мамандарының айтуынша, келесі 2016 жылдан бастап мектеп бітіруші түлектердің түгелі мемлекеттік емтиханға қатыстырылуы тиіс. Ол үшін жоғары сынып оқушыларына білім беретін пән мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіледі.

Валентина Черных, СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Алдағы уақытта өңірімізде қауымдастық құрылады. Оған әр ауданнан іріктеліп алынған және Кембридж бағдарламасы бойынша деңгейлік оқыту курстарынан өткен тәжірибелі ұстаздар мүшелік етпек. Олар ай сайын шалғайдағы ауылдарға барып, мұғалімдердің дайындығын тексереді, оқу үдерісіндегі проблемаларын шешуге көмектесіп, жаңа әдістемелерімен бөліседі.

Осылайша, білім беру саласының мамандары білім сапасы кенжелеп қалған мектептердің деңгейін алдыңғы қатарлы білім ошақтарының көрсеткішімен теңестіруді көздеп отыр.

Берик Касен