Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елордада этноауыл құрылды

Данияр Қасымов – түркі тілдес халықтардың тарихын зерттеуші:

– Алты мың жыл бұрын біздің ата-бабаларымыз жылқы малын қолға үйреткен. Содан кейін бүкіл әлемдегі өркениеттің жаңа дәуірі басталды.

Қазақстандықтардың торқалы тойға әкелген тарту-таралғысы көп. Кешкісін «Қазақ елі» монументі алаңында «Ғасырлар үні» деп аталатын фольклорлық концерт ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен жиылған өнер иелері бірігіп, қазақтың әйгілі композиторларының шығармаларын орындады.
СҚО филармониясының «Әлқисса» фольклорлық ансамблі Есбайдың “Ақ ерме” шығармасын паш етті.

Меруерт Адамбаева – СҚО филармониясының «Әлқисса» фольклорлық ансамблінің мүшесі:

– Жалпы «Әлқисса» фольклорлық ансамблі 12 адамнан құралған. Қазақ халқының күйлерін дәріптеумен қатар шетелдік шығармаларды ойнаймыз.

Әуезді ән мен күмбірлеген күйді тыңдап, мерекелік концертті тамашалап жүрген халықтың көңілі шат-шадыман. Елорда тұрғындары мен қонақтары ұйымдастырылған шараға дән риза.

–  Қазақ хандығының 550 жылдығымен барша отандастарымды құттықтаймын. Зор денсаулық, мол бақыт тілеймін.

– Мереке өте тамаша өтуде. Осындай мейрамдар жалғасын таба берсін.

– Негізі концерт жақсы өтіп жатыр. Елордаға келгеніме өте қуаныштымын.

«Ғасырлар үні» деп аталған фольклорлық концерт Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» деген әнімен аяқталды. Бұл өлеңді сахна төрінде Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов орындады.

Ал келесі күні дәл осы «Қазақ елі» монументінің алдында әр аймақтың өнер майталмандары концерттік бағдарлама ұсынды.

–  Қазақ, орыс, украин, кәріс. Тізе берсе саны көп. Бұл – біздің мемлекетемізде бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтар. Дәл қазір бірлігі жарасқан барлық ұлт өкілдері Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын тойлау үстінде.

Мереке барысында «Сиқырлы би әлемі» деп аталатын фестивальде Солтүстік Қазақстан облыстық филармонияның «Туған жер» және «Әдемі-ау» би ансамбльдері өнер көрсетті. Мың бұралған бишілер толассыз жауған жауынға қарамастан алаңға келген жұртшылықтың көңілін көтерді.

Тұрсын Молдахметова – СҚО мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының бөлім басшысы:

– Кеше ғана өткен «Мәңгілік ел» театрландырылған көрініске облысымыздың шығармашылық ұжымдары қатысты. Атап айтсақ «Туған жер» би ансамблі өз өнерлерін паш еткен болатын.

Торқалы тойға тарту ретінде Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры «Путешествие на волшебном тулпаре» атты фестивальде өңіріміздің байлығы -алтын дән жайлы сыр шертетін сазды-поэтикалық композициясын сахналады.

Ал С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының әртістері болса «Хан Кене» деген блокты жұртшылық назарына ұсынды. Аталмыш қойылымда Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанындағы үзінділер мен Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» пьесасындағы монологтар қолданылыпты.

Батырбек Шамбетов – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының бас режиссері:

– Мерекеге тарту ретінде 15 ғасырдан бастап 18 ғасыр аралығындағы хандар жайлы шағын қойлымды сахналадық. Оның ішінде Керей мен Жәнібек те , ұлы Абылайханда бар.

Әр өңірдің білекті де білімді спортшылары өз бақтарын тоғыз құмалақ, арқан тартыс, ләңгі тебу мен гір көтеруден сынады. Жалпы Солтүстік Қазақстаннан ұйымдастырылған жарысқа 6 адам қатысты.

Руслан Арықов – СҚО ұлттық спорт түрлері бойынша БЖСМ директоры:

– Кеше бұқа тартыс пен арқан тартыстан сайыстар өтті. Алғашқы жарыста жерлесіміз Ілияс Елеусізов күміс жүлдеге іліксе, арқан тартыста өңіріміз үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, бүгін гір көтеруде Виталий Диденконың бағы жанып, алтын медальды қанжығалады.

Түске таман «Қазақ елі» монументі алаңында орын тепкен елу бірдей ақшаңқай киіз үйлерді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аралады. Мемлекет басшысы әр өңірдің қонысына тоқталып, түрлі ұлт өкілдерінің өнерін тамашалады. Кейін теріскейліктер тіккен киіз үйге Қостанай облысының меймандары ат басын бұрды. Құрметті қонақтарды солтүстікқазақстандықтар қазақтың дәстүрімен қарсы алды.

Қазыналы Қостанай өңірінен келгендер жайғастырылған көрмелерді аралап, қолөнер шеберлерінің ісіне аң-таң болуда. Меймандар түрлі әшекей бұйымдарға қызыға қарап, тәнті болғандарын жасырған жоқ.

Наргиз Ақпарова – Қостанай облысы:

– Барлығы өте керемет екен. Бұйымдар көңілімнен шықты.

Виктор Коваленко – Қостанай облысы:

– Біз теріскейлік шеберлердің жайған көрмесін тамашалап, қолдан жасалды дегенде таң қалдық. Шынымен де бұйымдары көз тартарлық әсем.


Дана Базанова – Қостанай облысы:

– Бұйымдардың барлығының қолдан жасалғаны ұнады. Итальяндық әйнектен жасалған түрлі мойынтұмарларға қызықтым.

Бұдан соң солтүстікқазақстандықтар Алматы облысының киіз үйіне кіріп көрді. Оңтүстік астанадан келген меймандар да жұртшылық назарына өз өңірлерінің ерекшеліктерін паш етті. Жанболат Дәулетбақов елордаға саятшылық құрғандағы серігі Қаршыға есімді бүркітімен келіпті. Бала кезінен күтіп баптаған жыртқыш құстың салмағы сегіз келі, жасы жетіде екен.

Жанболат Дәулетбақов – құсбегі, Алматы облысы:

– Бұл жыртқыш құсты күту өте қиын. Үнемі тамағын беріп отыру қажет.

Сондай-ақ, теріскейлік меймандарға М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан әкелінген құнды жәдігерлер көрсетілді.

Айман Ердеспаева – М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:

– Біздің өңірдің ең құнды қазыналарының бірі ол Есік қорғанынан табылған Алтын адам. Бүгін соның көшірмесін әкеліп отырмыз.

Кеш ауа таңсәріден жұртшылық думандатып жүрген алаңда әр аймақтың өнер ұжымдарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылды.

Мереке соңында Астана қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Қанат Төкесбай Астана қаласы әкімінің атынан Солүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановқа Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойын ұйымдастыруға және оны жоғары дәрежеде өткізуге қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстады. Енді торқалы тойдың екінші кезеңі қазанның тоғызы күні Тараз қаласында жалғасын таппақ.

 

Риат Шони