Қоғам

Петропавлда мемлекеттік бағдарлама аясында 6 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары өтуде

Татьяна Хрипунова – “Мира, 290” ЖПИК басқарушысы:

-2011 жылы Мир көшесі 290-үйдің тұрғындары шатырды жөндеуден өткізу үшін мемлекеттің көмегіне жүгініп, қол жинаған. Бірақ еш нәтиже шықпады. Соған қарамастан, біз қыс бойы алға қойған мақсатымыздан таймадық. Үйдің төбесі тесіліп, пәтерлерге су аққан. Бұл жағдай 7 жылға созылды. Ақыры осы жылдың мамырынан жөндеу жұмыстары басталды. Бұйыртса, желтоқсанда бұл үйде жаңа шатыр тұрады.

Үй тұрғындары бұл жаңалықты жақсы қабылдады. Тіпті жөндеу жұмыстарын күнделікті далаға шығып бақылап отырады екен. Айту керек, Мир көшесінде орналасқан мына үйге мемлекет тарапынан 39 млн. 200 мың теңге бөлініпті.

Валентина Рецер – Мир көшесі 290 үйінің тұрғыны:

-Менің бұл үйде тұрғаныма 15 жылдан астам уақыт болды. Бүгінгі жұмысқа көңілім толады. Осыған дейін шатырдан су ағып тұратын. Енді жаңа жылды жаңа шатырлы үйде қарсы аламыз. Сонымен қатар, кіреберіс есік маңын да әдемілейді. Асфальт төсейді.

Мамырдың 28-і күні басталған жөндеу жұмыстары 5 ай ішінде аяқталады деп жоспарланған. Мердігер компанияның қызметкерлері үйдегі барлық шаруаны уақытылы тындыруға тырысамыз дейді.

Талғат Мұхамеджанов – “Мирас GROUP” ЖШС бригадирі:

-Шатырдың 90 пайыз жұмысы аяқталды. Бүгінде демонтаж жасап жатырмыз. Және тас панельдердің жіктерін жаңарту үстіндеміз. Жалпы жөндеуді уақытылы тапсыруға тырысамыз. Бригада да 20 жұмысшы бар.

Дәл осы бағдарлама аясында биыл облыс орталығында 6 үй жөнделуде. Ол үшін ел бюджетінен 136 млн теңге қаражат бөлінген.

 

Айгерим Ержанова