Денсаулық сақтау

Петропавлда тізе буын ауруларына ота жасау бойынша шеберлік сыныбы өтті

Кешелі бері 3 қалалық ауруханасының травматология бөлімінде 3 шеберлік сыныбы өткізілген. Дәл қазір 4-ші науқастың тізе буыны ауыстырылу үстінде. Күрделі отаның ұзақтығы 2 сағат 40 минут. Наркоздың арқасында емделуші ешқандай ауырпалықты сезінбейді. Дәрігерлердің айтуынша, буын ауруы соңғы сатысында анықталса, тек қана ота жасап, жасанды буын орнату арқылы ғана науқасты аяққа тұрғызуға болады. Ілгеріде аталған сырқатқа негізінен елуді еңсеріп, алпыстан асқандар шалдығатын көрінеді. Көрші елден келген Денис Римашевский орындап жатқан отаға аталған ауруханының барлық 16 травматологы қатысуда. Олар осылайша тәжірибе алмақ.

Денис Римашевский, Ресей медициналық дипломнан кейінгі білім беру академиясының ассистенті, Мәскеу қаласы:

-Қазақстанда буын ауруларына шалдыққан мүгедектерді оңалтуға байланысты ұлттық бағдарламаның енгізілгеніне біраз болды. Нәтижесінде буын ауыстыру оталары елдің бірнеше қалаларында жасалып жүр. Бірақ, күрделі отаны орындау Республиканың бірінші травматологы Нұрлан Бәтпеновтың бастамасы бойынша аймақтарда да жүзеге аса бастады. Соның нәтижесінде бүгін Солтүстік Қазақстанның орталығында да шеберлік сыныбы өтіп жатыр.

Ержан Әбуғалуев, 3 қалалық ауруханасының бас дәрігері:

-Астана қаласындағы травматология-ортапедия институтының басшылығына алғысым зор. Олардың арқасында бүгін Петропавлда бірінші рет тізе буынын эндопротездеу отасы жасалып, шеберлік сыныбы өтуде. Нәтижесінде, жүріп-тұруы қиындаған 5 емделушінің тізе буыны ауыстырылды. Дамыған мемлекеттердің озық тәжірибесін үйреніп, оны пайдалана білу біздің медицинаның ілгері басуына үлкен ықпалын тигізеді.

Бағы жанып, шетелдік дәрігер буынынын ауыстырған 5 науқыстың бірі Бағлан Сұлтанова. Кеше ота жасалып, 1 күн жан сақтау бөлімінде жатып шыққан 65 жастағы қария қазір өзін жақсы сезінеді. Оның 6 жылдан бері тізесі ауырып, соңғы кездері тіптен төсек тартып қалған екен. Нәзікжанды – «Енді, аяғым жерге тиіп, өз еркіммен жүретіп болдым», – деп, балаша қуанды.

Бағлан Сұлтанова, науқас:

-Сәтті өтті. Осы күнді көп күттім. Енді біртіндеп жүре бастайтын боламын. Үкіметке де рахмет. Мен сияқты зейнеткердің қалтасы көтермейтін ота. Барлдық ақ халаттыларға алғыс білдіремін.

Бұл дерт көптігі жөнінен дүние жүзі бойынша жүрек-қантамыр ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Бір ғана Солтүстік Қазақстанда әр 10 мың адамның 20-сы буын ауруларына шалдыққан.

Мейрам Оспанов , 3 қалалық аурухананың жарақат бөлімінің бас ординаторы:

-Адамның тізесіне тұз жиналып, сүйегі мүжіледі. Нәтижесінде буын жұмыстары тежеледі. Оның орнын ота арқылы темір протез басып отыр. Күрделі отаны өз көзіммен көріп, біраз нәрсе үйрендім. 3-4 жылда өз бетімізбен орындайтындай деңгейге жетеміз деп ойлаймын.

Мемлекет қаржыландыратын мұндай бір операцияның құны 850 мың теңге.

 

 

Акбопе Танирберген