Қоғам

Жыл басынан “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында 87 солтүстікқазақстандық баспаналы болды

Анастасия Чебышева, “Мирас” бөбекжай-бақшасының хореографы , Қызылжар ауданы:

– Балабақшада 3 жыл жұмыс істеймін. Биыл “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-нан 15 жылға 2 млн 973 мың теңгеге несие рәсімдедім. Қарыз маған 15 жылға небары 0,01 пайызбен берілді. Сондағы 15 жылдың ішінде мен негізгі қарызға қоса 2 242 теңге үстемеақы қайтаратын болдым

Осы күні Бескөл ауылындағы “Мирас” бөбекжай-бақшасында 12 топта 280 балғын тәрбие алуда.

Балғындарға 37 педагог мектепке дейінгі білім береді. Соның 15-і “Дипломмен ауылға” бағдарламасының шарапатын көріп, баспаналы болған екен.

Анжела Жоламанова, “Мирас” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі, Қызылжар ауданы:

– Мемлекетік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиеге бізде жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерде де ие болды. Олар бүгінде бұл жерде көпке дейін тұрақтап қалуға шешім қабылдады. Айта кетейін, бөбекжай бақшасында әр ұлттың балалары 12 топта қазақ, орыс тілдерінде білім алады. Және мекемеде бір сауықтыру тобы бар. Онда денсаулығы нашар, иммунитеті әлсіз балалар тәрбиеленеді. Оларды бізге аудандық ауруханалардың дәрігерлері жолдайды. Сондықтан, ана-аналар балалары үшін ақы төлемейді. Сауықтыру тобындағы 15 балғынға қаражат жергілікті қазынадан бөлінеді.

Биыл “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында Қызылжар ауданының 20 тұрғыны жеке баспанасына қол жеткізіпті. Біразы жаңа үйлерінде отбасыларын құрып, үйлі-баранды болған көрінеді.

Азамат Жанбеков, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚФ ауыл ипотекасы бойынша маманы:

– Жыл басынан бері “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша 87 солтүстікқазақстандықтың өтінішін қанағаттандырды. Бүгінде олардың барлығы қордан несие алып, баспаналы болды. Айта кетейік, заемның максималды мөлшері 1 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде немесе 2 млн 973 мың теңгені құрайды. Қарыз 15 жылға небары 0,01 пайызбен беріледі. Сондағы 15 жылдың ішінде заемшы бізге негізгі қарызға қоса 2 242 теңге үстемеақы қайтарады.

“Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша жеке баспанаға педагогтардан өзге медицина, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында, агроқұрылымдарда және мәдениет үйлерінде еңбек ететін мамандар қол жеткізе алады. Несиелендірудің шарты бойынша олар елді мекендегі қызметтерінде кемі 3 жыл еңбек етуі тиіс және тұрақты айлық табысы болуы қажет.

Берик Касен