Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста орақ науқаны қызу жүріп жатыр

Ауданға жұмыс сапарымен барған өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов аграрийлермен кездесіп, қауырт маусымның өту барысымен танысты. Ең алдымен аймақ басшысы «Азко» серіктестігінің егіс алқабына ат басын бұрды. Олар 12 мың га жерге егін еккен. Бүгіндері соның мыңнан астамы орылған.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

– Аудандарыңыз қазір орақ науқаны бойынша көш бастап тұр. 11 пайыз жұмыстар тындырылған. Шыныменде, бүгіндері жақсы ауа райын тосып отыратын күн емес. Сондықтан шаруаға қарқын қосу қажет.

Қай егіс алқабына бармасаң да, бидай сабақтары биік, әрі масақтағы дән бітік шыққан. Облыс әкімі «Новоишимская Нива» және «Данто» шаруа қожалықтарындағы жағдаймен де танысты. Мұнда да астықты құлату жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Ал мынау «Нежинка- Ерке» серіктестігінің алқаптары. 17 мың 814 га бидайдың, бүгіндері 1,5 мыңнан астамы шабылып, 257 гектары бастырылған. Астықтың 158 тоннасы қамбаға құйылыпты. Шығымдылығы әзірше, гектарынан 6 центнерді құрап отыр.

Мұндағы жұмыспен танысқан аймақ басшысы Ерік Сұлтанов әлі де болса қарқын қосу қажеттігін ескертті. Кейін өңір жетекшісі «Намыс» кәсіпорынының асыл тұқымды репродукторына соқты. Қазір серіктестікте 240 бас герефорд тұқымды ірі қара мал бар екен.

–  Мал басының көбі тайыншалар. Төлдерді желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында аламыз. Өзіміздің туу базамыз бар.

«Агро-Есіл» ЖШС-де болған облыс әкімі Ерік Сұлтановты шаруашылық өз жоспарларымен таныстырды. Бұлар 300 бас қазақтың ақ бас тұқымды малын алуды көздеген. Осыған дейін серіктестік мал шаруашылығымен айналыспапты. Сондықтан Ерік Сұлтанов жаңа істі бастағалы отырған кәсіпорын ұжымына сәттілік тіледі. Ауданға жасаған жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы Ерік Сұлтанов оқу орындарының қысқа даярлығымен танысты. Буденновка орта мектебінің алаңында екі заманауи қазандық орнатылыпты. Мұндағылар оның жұмысы жайлы облыс әкіміне баяндады.

–  Мұның қуаттылығы-0,2 МВАТ. 2 мың шаршы метрді жылытуға қауқарлы. Бұл қазандық далада орнатылады.

Бұл қазандықтар көршілес Ресейде жасалыпты. Мұндай жылыту қондырғылары аудандағы әлі 5 мектепте орнатылмақ. Келешекте осы қазандықтар арқылы «Черемушки» шағын ауданын жылумен қамту да көзделген.

Магжан Ахмадина