Білім

Петропавлда 2800 бала алғаш мектеп табалдырығын аттады

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Құрметті оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар! Сіздерді Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Тәрбиенің барлығы білімнен басталады. Ол ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Сондықтан бүгінгі күн тек оқушылар үшін ғана емес барша адамзат баласы үшін маңызды.

Мектеп атты кемеге кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері елжіреп жүрген ойын балалары ақ жейде, костюм-шалбар киіп, ақ бантиктарын тағып бүгін міне оқушы атанды. Биыл №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде 6 бірдей бірінші сынып ашылыпты. Енді олар балалықты артқа тастап, үлкен өмірге аяқ басқалы тұр.

– Бірінші құркүйек күнімен,Аңқыған жұпар гүлімен,Келіп ем қарсы алды мектебім,Сүйкімді қоңырау үнімен.

Бұл күн ата-аналар мен ұстаздар үшін де, құшақ-құшақ гүлін ұстаған кішкентай бүлдіршіндер үшін де қобалжулы. Өйткені бүгін бірінші сынып оқушылары алғашқы қоңырау үнін естіді.

Мектеп табалдырығын енді аттаған мына бүлдіршіндер мұғалімдерімен және сыныптастарымен танысты. Тіпті Елбасы атынан бірінші кітаптарын да қолға алып үлгерді. Ал кішкентай Камила Серікбай үшін бұл күн тіптен ерек. Өйткені, оған бүгінгі маңызды шарада қоңырау соғу құқығы бұйырды. Енді ол сабағын тек қана 5-ке оқитын боламын дейді.

Камила Серікбай – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің 1-сынып оқушысы:

– Бізге бірінші сыныпқа мынадай кітап берді. Енді біз жақсы оқимыз, 5-ке. Мен болашақта дәрігер болғым келеді.Мектепті үздікке бітіремін.

Бұл мектепте құрылған 9 ұлттық бөлім 1998 жылдан жұмыс жасайды. Биыл оларда 200-ден аса оқушы оқитын болады.

Қорлан Жайсенбаева – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:

– Жалпы биыл мектепте 925 оқушы бар. Оның 203-і ұлттық бөлімде білім алады. Ал 120-сы бірінші сыныпқа енді қабылданды. Әр ұлттық бөлімнің оқушылары қосымша білім алады. Туған тілін оқиды, тарихы мен салт-дәстүрі туралы ақпараттанады.

2014-2015 оқу жылында №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің ұстаздар қауымы «Білім саласындағы үздіктер» Халықаралық энциклопедясына енді.

Айгерим Ержанова