Ауыл шаруашылығы

Ғ.Мүсірепов ауданында мың басқа шақталған заманауи сауын залы бар мал шаруашылық кешені пайда болады

Мұрат Жұмабеков – “Нежинка – Ерке” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

–  Қазіргі таңда елімізде мал шаруашылығымен айналысып, дамытуға барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ мемлекет тарапынан көрсетілетін демеуқаржы, сүт пен етке деген сұраныстың көптігі. Сонымен қатар біз будандастырумен де айналысамыз. Германдық, қара-шұбар тұқымды ғана сатып аламыз.

Кәсіпорын биылғы жылы мың басқа шақталған заманауи сауын залы бар мал шаруашылық кешенінің құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жобаның құны 2 млрд теңгеден асып жығылады. Кешен 2016 жылы қолданысқа тапсырылмақ.

Мұрат Жұмабеков – “Нежинка – Ерке” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

–  Құжаттамалардың барлығынан өтіп, әзірлеп қойдық. Жоба “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы қаржыландырады. Құрылысты осы жылы бастаймыз.

“Нежинка – Ерке” шаруа қожалығында өзінің азық базасы бар. Мұнда 3000 тоннаға жуық шөп пен 5 тоннаға тарта пішен дайындалыпты. Сондай-ақ өнімді жинау жұмыстары да қарқынды жүруде. Қожалықтың жалпы егіс алқабы 21 мың гектарға жуық. Бүгінде кәсіпорында 350 адам жұмыс жасайды. Ұжымның үйлесімді еңбек етуінің арқасында қожалық қарқынды дамудың даңғыл жолында келеді.

Сәкен Айтжанов – “Нежинка – Ерке” ЖШС мал шаруашылығы бөлімінің басшысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

 

–  Алатын айлық жалақымыз жақсы. Кәсіпорында барлық жағдай жасалған. Жұмыс ауыр емес. Шаруа қожалығында бастапқыда 900 бас ірі-қара болған. Қазір олардың саны артты.

Шаруа қожалығы өз жұмысшылары үшін барлық жайлылығымен заманауи үлгідегі үйлер салады екен. Айта кету қажет, жуырда мұнда Оңтүстік Қазақстаннан көшіру бағдарламасы аясында 5 адам келіпті. Барлығы баспанамен қамтылыпты. Сонымен қатар Нежинка Ерке орта мектебінің аумағында 5 жыл бұрын шыны шөлмектерден жылыжай тұрғызылыпты. Оған бар жоғы 147 мың бөтелке қажет болыпты.

Мұрат Жұмабеков – “Нежинка – Ерке” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бөтелкелерді ауыздарымен бір-біріне қарама-қарсы қылып екі қатардан қойдық. Ойымыз шөлмектердің шашылып жатпай, жинақы тұруы болды. Кейін теледидардан өзге елдерде ғимараттар тұрғызып жатқандығын көріп, өзімізде де байқауды жөн санадық.

Жылыжайда көкөніс қысы-жазы өсіріледі. Мұннан жиналған өнім мектептің асханасына жөнелтіледі.

 

Риат Шони