Қоғам

Ата-заңымыздың 20 жылдығын солтүстікқазақстандықтар шат-шадыман болып тойлады

Бұл мерекелік күнде еліміздің ата заңымен аталған бас көше – үлкен бір көрме залына айналғандай. Мына жерде омарташылар теріскейліктерге арнап өздерінің биылғы өнімдерін жайып салған. “Сагаутдинов” жеке кәсіпкерлігінің директоры Ринат Сагаутдинов бал жинаумен бала кезінен айналысады. Омарташы карпатка тұқымды араның 50 жанұясын ұстайды екен. Бүгін ол жиналған өнімін солтүстікқазақстандықтарға ұсынуда.

Ринат Сагаутдинов – “Сагаутдинов” ЖК директоры:

– Бұл өнім Мамлют ауданынан жиналды. Өйткені ол жерде бал жинау өте қолайлы, түрлі балды өсімдіктер молынан. Әлі егісті жинау аяқталған жоқ. Биыл 100-ге жуық келі бал аламын деген ойдамын.

Сонымен қатар мереке күнінде серуендеп жүрген жұртшылық бау-бақшада өсетін жеміс-жидек пен көкеністен жасалған бұйымдардың көрмесіне де ат басын бұрды. Айта кету қажет, “Күз берекесі” деп аталатын көрмеге білім, денсаулық сақтау саласының өкілдері және мемлекеттік қызметшілер – барлығы 120-ға жуық мекеме қатысуда. Бұл шараға Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ерекше дайындалыпты. Олар өңірімізде өсірілетін түрлі көкеністер мен жеміс-жидектерден қырық аяқ, кірпі және басқа жан-жануарлардың мүсіндерін әзірлепті. Тіпті күз ханзадасы мен ханшайымын да асқан ықыласпен дайындағандары көрініп тұр.

Ботагөз Жадыранова – Петропавл қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің хатшысы:

– Біз бүгін барлық ұжыммен шараға ат салысып отырмыз. Саябақтардан күзгі өнімдерді жинап, теріскейліктерге жақсы көңіл-күй сылауды жөн санадық.

Кейін қала тұрғындары мен қонақтарының назары бал ханшайымдарының арасында ұйымдастырылған байқауға ауды. Аталған шараға қатысушы нәзік жандылар өлең оқып, өз қолдарымен әзірлеген тағамдарын ұсынды. Нәтижесінде байқаудың қорытындысы бойынша әділ қазылар алқасы “Бал ханшайымы” ретінде Маргарита Страшконы таңдап алды.

Маргарита Страшко – байқау жеңімпазы:

–  Үстімдегі көйлекті өз қолымызбен тіктік. Жауырынымда араның қанаты бар. Маған байқауға дайындалуға құрбым көмектесті. Үш апта бойы еңбектендік. Сол уақытымыз зая кеткен жоқ. Мен ол үшін өте қуаныштымын.

Осындай тамаша күнде демалып жүрген солтүстікқазақстандықтардың жаны жадырап, көңiлдері шат-шадыман күй кешуде. Қазақстан Конституциясы көшесінде орын алған шараларға олар дән риза.

Айғаным Сәулембекова:

– Ата-заңымыздың 20 жылдығы құтты болсын. Еліміз өрекендей берсін.

Тоқжігіт Сәбитов:

–  Конституцияға 20 жыл толып отыр. Ол баршамызға құтты болсын.

Алмагүл Такирова:

–  Еліміз гүлдене берсін. Балаларымыз аман болсын.

Нұрлыбек Құралов:

– Қазақстан күн сайын алға басып келеді. Келешекте де осы саясаттан таймай, жарқырай берсін.

Риат Шони