Содан бері жүруден қалған бірталай солтүстікқазақстандық аяғына тұрып кетті. Мынау Анна Гноевтың рентгенге түсірілген жамбас сүйегінің суреті. Оның оң жамбасы имплантацияланған. Нәзік жанды осының арқасында емін-еркін қозғалып, үй ішіндегі шаруаларды оңайлықпен атқарамын дейді.
Анна Гноевых:
-Неге екенін білмеймін отадан кейін аяқтан тұрып кететініме сенімді болдым. Сондықтан операциядан қорыққан жоқпын. Отадан соң жамбасымның ауырғанын еш сезбедім. Қазір де ауырмайды. Операциядан кейін 4 ай өтті. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Дәрігерлер мен медбикелерге алғысым шексіз. Елімізде денсаулық сақтау саласының дамып келе жатқанына қуанамын.
Айта кету керек, осы мекемедегі жамбас-сан сүйегіне жасалатын отаның барлығы мемлекет қаражаты есебінен, яғни тегін жасалады. Күрделі операцияның ұзақтығы 1 сағат.
Мейрам Оспанов, №3 қалалық аурухананың травматология бөлімшесінің аға ординаторы:
-Отадан соң науқас 2 ай көлемінде балдақпен, кейін таяқпен жүреді. 3-ші айда травматология бөлімшесіне келіп, 8 күн бойы реабилитациядан өтеді. Кейін қалыпты өмірге араласып кетеді. Ота науқасқа ел қаражаты есебінен жасалады. Бір протездің құны 5 мың АҚШ доллар тұрады. Оны біз тапсырыспен алдыртамыз. Протез темір, керамика сынды материалдардан жасалады.
Сондай-ақ, жергілікті дәрігерлер аз инвазивті технологияларды тәжірибесінде кеңінен қолдануда. Ота жасаған уақытта тері мен ішкі мүшелерге неғұрлым аз зақым келтірілсе, науқас соғұрлым тез жазылатын көрінеді.
Хирургтер аталмыш әдіспен Артем Васяновичтың тізесіне жақында ота жасады. Жерлесіміз футбол ойнап жүріп зақым алған. Оның осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысып жүргеніне 7 жылдың жүзі. Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірім 2 айдан соң сүйікті спортына қайта орала алады.
Артем Васянович, кәсіпқой футболшы:
-Операция жасалғанда қатты ауруды сезген жоқпын. Ауруханаға сенбі таңертең түстім. Денсаулық жағдайым жаман емес. Міне, ота жасалғанына 4-күн өтті. Ақырындап жүре бастадым. Қазір физиоемдеу курсын қабылдап жатырмын.
Мұндағы дәрігерлер білімдерін Ресейде толықтырып жүр. Қыркүйек айында көрші мемлекеттің жетекші маманы келіп жерлестерімізге тізе буынын протездеу бойынша тағы бір шеберлік сыныбын өткізбекші.
Берик Касен