Қоғам

ҚР ҰҚК шекара қызметінің ансамблі СҚО-да концерт қойды

Алматыдан келген ансамбльдің гастролдік сапары 2 аптаға жалғаспақ. ҚР Конституциясы мерейтойы қарсаңында әртістер еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүр. Өнерпаздар шекара заставалары мен өткізу бекеттеріне жақын орналасқан елді-мекендерде концерт береді.

Данияр Исмаилов, ҚР ҰҚК шекара қызметі ансамблінің солисті:

-Осындай концерт арқылы біз шекарашылар мен заставалар мен бекеттерге жақын орналасқан елді-мекен тұрғындарына мерейтойлық көңіл-күй сыйлап, олардың рухын көтергіміз келеді.

Өнер ұжымының концертін тамашалауға шекарашылар жанұя мүшелерімен келген. Мысалы, Серік Қарасаев концертке Темірлан, Еркебұлан есімді 2 ұлын ертіп әкелді. Әскери қызметкер болашақта ұрпағының ұлтжанды болып өскенін қалайды.

Серік Қарасаев, ҚР ҰҚК шекара қызметінің 2032 әскери бөлімінің шекарашысы:

-Татулығымыз мызғымасын. Туымыз тұғырлы болсын. Жерлестеріме бақыт, шекарашыларға зор денсаулық, отбасында бақыт тілеймін.

Сахнада 30-ға жуық өнерпаз өнер көрсетті. Көбі Құрманғазы, Ахмет Жұмабанов, Темірбек Жүргеновтің есімдері берілген беделді оқу ордаларын бітірген.
Араларында эстрада жұлдыздары мен халықаралық конкурстардың жүлдегерлері бар. Көпшілігі туындыларының сөзін мен әнін елімізге белгілі ақындар мен сазгерлерге жаздыртады екен.

Тұрғынәлі Дәуітов, ҚР ҰҚК шекара қызметі ансамблінің солисі, эстрада әншісі:

-Петропавлға бірінші рет келуім емес. Осыған дейін концертпен болғанбыз. Мен барлық қазақстандықтарға бейбіт өмір, бақыт тілеймін.

Петропавлдықтар ансамблдің өнеріне жақсы бағасын берді.

Наиля Женсарина, қала тұрғыны:

-Шекарашыларға қандай құрмет көрсетілсе де лайық. Еліміздің шекарасындағы тыныштық осы адамдардың қолында. Олар елге қалқан, қоған болуда.

Шекара қызметі ансамблінің сапары тамыздың 30-ы аяқталады. Олардың қорытынды концерті Алты алаштың астанасында өтпек.

 

 

Берик Касен