Қоғам

СҚО-нда азық-түлік бағасының негізсіз көтерілмеуі қатаң бақылауға алынды

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

-Біз кәсіпкерлермен тығыз жұмыс жасағандықтан, нарықтық валютаны реттеуге көшуді толығымен қолдаймыз. Бұған дейін жергілікті өндірушілер шығарылатын өнім көлемін азайтуға мәжбүр болды. Қазір болса, шеттен өнім жеткізу қысқармақ. Енді өзіміздің тауарларға сұраныс артады. Бағасы да қалта көтерерліктей болады. Яғни, доллардың көтерілгендігі азық-түліктің бағасына еш әсерін тигізбейді.

Сонымен қатар, Құралай Жарованың айтуынша, жақын арада өңір кәсіпкерлерімен, яғни облысымыздың сауда желілерімен меморандум жасалмақ. Бұл келісімнің арқасында өнім бағасы бірқалыпты болады. Бүгінде облысымызда азық-түлік бағасы қатаң бақылауға алынды. Ол үшін мамандар күнделікті мониторинг жүргізіп тұрады.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

-Бүгінде азық-түлік бағасы бірқалыпты. Бірақ бұған дейін өнім бағасының өскені де кездескен. Мәселен, қанттың бағасы осыдан бірер күн бұрын негізсіз көтеріліп кетті. Кейін біз кәсіпкерлермен кездесу өткіздік. Мән-жайды түсіндірдік. Бүгінде қанттың бағасы 170 теңгеге дейін түсті. Сонымен қатар, алдымыздағы сенбіде облыс орталығында сенбілік жәрмеңке өтеді. Онда тауар бағасы 20-30 пайызға төмендетіліп сатылады.

Сондай-ақ, бір ай көлемінде кәсіпкерлерге сауда орындарын жалға алу құнын төмендету көзделген. Бұл жергілікті өнім өндірушілерге көрсетілген қолдаудың бір түрі.

Жеңіс Қазиев – СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы:

-Қазақстандық тауарлар бәсекеге қабілетті болу керек. Бүгінгі курс мәселесі бұған оң әсер ететіні сөзсіз. Әсіресе көршілес жатқан Ресей рублінің аздап қымбаттағаны тиімді. Жалпы біз бұл жағдайды өзімізге тиімді етуіміз керек. Бүгінде шеттен әкелінетін тауар көлемі азаюда. Осы сәтті біздің кәсіпкерлер ұтымды пайдаланса игі.

Егер азық-түлік бағасы негізсіз көтерілетін болса, онда тұрғындар 50-49-35 қауырт желісіне хабарласа алады. Мұнда кәсіпкерлер палатасындағы мамандар барлық сұрақтарға жауап береді.

 

Айгерим Ержанова