Балалар

Балаларға 12 үйірме тегін жұмыс жасайды

Лариса Калтушкина- «Көктем» КММ балалар-жасөспірімдер клубының мұғалім-ұйымдастырушысы:

-Біздің басты мақсатымыз бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру. Біздің үйірмелерге тек Заречный кентінен ғана емес, 19-20-шы шағын аудандарында тұратын балалар да қатысады. Клубта барлығы 8 ұстаз бар. Олар кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отырады. Барлығы да аттестацияланған, санаттары бар. Олар түрлі шаралар, байқаулар ұйымдастырады. Ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға «Золотая осень» лагеріне барып, флешмобтар өткіземіз.

Жанель Ысқақованың аталмыш клубтағы би үйірмесіне келіп жүргеніне 2 жыл. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы жазғы демалысын Заречный кентіндегі әжесінің үйінде өткізеді. Бос уақытында үйірмелерге белсенді қатысады.

Жанель Ысқақова- «Көктем» балалар-жасөспірімдер клубының мүшесі:

-маған бұл лагерде билеуге, ән айтуға, сурет салуға ұнайды. Мұнда тағы да үлкен қыздар билейді, олардан кішкене үйреніп билеймін.

Клубта би, вокал, қолданбалы өнер мен шығармашылық, футбол, үстел теннисі сынды үйірмелер бар. Клубтың «Терпсихора» би тобы облыстық «Каблучок» , «Радуга» аталмыш байқауларына үнемі қатысып, биіктерді бағындырып жүр. Ал, клубтағы тренажер залында жасөспірімдер спортпен шұғылданса, кейбірі арнайы сыныпта ән шырқауда.

Ирина Маркина – «Көктем» КММ балалар-жасөспірімдер клубының вокал үйірмесінің ұстазы:

-Осында жұмыс істеп жатқаныма 6 жыл. Вокал үйірмесіне қатысатын балғындарға сабақ беремін. Клубтағы вокалға 15 баладан 2 топ қатысады. Олардың музыкалық бейімін, ырғағын дамытамыз. Әндерді жақсы көруге, музыкалық мәдениеттілікке баулу – басты мақсатымыз.

Кез-келген баланың «Көктем» клубына келіп, қалаған үйірмесіне қатысуына барлық жағдай жасалған.

 

Марал Бектасова