Бизнес және экономика

Қазақстандық банктер 1 долларды 259 теңгеге сатуда

Бұл туралы бүгін еліміздің Премьер-министрі Кәрім Мәсімов үкіметте өткен селектрлы отырыста мәлім етті. Енді айырбастау курсы нарық сұранысы және макроэкономиканың ішкі-сыртқы факторларына байланысты қалыптаспақ. Теңге бағамы осы себептерге байланысты әлсіреп, күшеюі мүмкін. Мәсімовтің сөзіне қарағанда, бұл мәселе әлемдік экономика мен ішкі нарықтық валютамен анықталады.

Кәрім Мәсімов – ҚР Премьер-министрі:

– Экономикадағы жағдай ушығуда. Біздің еліміз экспорттайтын тауарлардың әлемдік бағасы түсуде. Әсіресе мұнай мен металлдардың құны құлдырап кетті. Бұл отандық жалпы ішкі өнімнің дамуына кері әсерін тигізеді. Экспорттық кірістің төмендеуі республикалық бюджет пен еліміздің төлем теңгеріміне теріс ықпал етеді. Осы жағдайда экономикалық саясат бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың сақталуына назар аударады. Бұл өнідірістің төмендеуіне, инвестициялық және кредиттік белсенділіктің қысқаруына, жұмыссыздықтың артуына жол бермейді.

Еске сала кетейік, кеше еліміздің валюта айырбастау пунктерінде доллар құны 198-ге дейін өскен болатын. Бұл үстіміздегі жылдың 15-ші шілдесінде бекітілген валюталық дәліздің шыңы. Ал бүгін Қазақстандық банктер американдық валютаны 270-тен, евроны 284-тен сатса, ресейлік рубль 4 теңгеге жеткен.

Айгерим Ержанова