Аптадағы маңызды жаңалықтар

Күзде Петропавлда заман талабына сай жабық базар ашылады

Ал жердің қалған бөлігіне бүгінде көтерме-бөлшек орталығын тұрғызуда. Азық-түлік базарын ашу үшін жерлесіміз екінші деңгейлі банктердің бірінен жылдық 14 пайыз мөлшерлемесімен 125 млн. теңгенің несиесін рәсімдепті. Биыл оның жобасын өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері мақұлдап, кәсіпкер “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасының қатысушысы атанды.

Құралай Жарова , СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

-Ағымдағы жылы “Бизнестің жол картасы 2020” бизнесті дамыту мен қолдаудың Бірыңғай бағдарламасының жаңа бағыты пайда болды. Ол “Жаңа форматтағы сауда нысандарының құрылысын субсидиялау” деп аталады. Ондағы талаптарға сай, Петропавл аумағында тұрғызылатын сауда орталықтарының аумағы 2000 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Және ғимарат 2 қабатты болған жөн. Базардың жанынан 100-ден астам автомобильге шақталған көлік тұрағы қарастырылуы қажет. “Олжа” көтерме сауда базары бұл критерийлерге сай келді. Сондықтан өңірлік үйлестіру кеңесінің мүшелері Сәуле Айсенованың жобасын бір ауыздан мақұлдады. Жеке кәсіпкерге мемлекет қолдауы аясында 3 жылдың ішінде 27,5 млн. теңгенің субсидиясы төленбек.

Осылайша, “Олжа” көтерме-бөлшек сауда базарының иесі Сәуле Айсенованың екінші деңгейлі банктен алған несиесі арзандатылды. Яғни, кәсіпкер үстемеақының тек 7 пайызын төлейді. Жылдық мөлшерлеменің жартысы мемлекет есебінен өтелмек.

Сәуле Айсенова, “Олжа” ЖК жетекшісі:

-Жобамның жергілікті билік тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымын. Бұл нысан халық игілі үшін жұмыс істейді. Оның іші жарық әрі барлық санитарлық талаптарға сай болмақ. Бір ветеринар дәрігерді жұмысқа аламыз. Ол сөрелерге шығарылатын сүт, ет өнімдерінің сапасын тексереді. Тұтынатын азық-түліктің бағасын көтермеуге тырысамыз. Сауда орталығының бір шаршы метрін жалдау құны өзге базарларға қарағанда екі есе арзан, яғни 2000 теңге етіп бекітуді жоспарладық. Мұнда шамамен 150 саудагерге орын беріледі.

Бұл нысанды алматылық мердігер компанияның мамандары заманауи материалдардан тұрғызуда. Құрылысшылар орталықтың өрт қауіпсіздігіне сай болуына, сапасына 2 жыл көлемінде кепілдік береміз дейді.

Сабыржан Алтынбаев, “Стальконстрой” ЖШС жетекшісі , Алматы қаласы:

-Нысанның қаңқасын темірден тұрғыздық. Оның сыртын сендвич панелмен қаптады. Заманауи материал отқа жанбайды, ішке суық өткізбейді.

Кәсіпкер сауда орталығын үстіміздегі жылдың қазан айында қолданысқа тапсыруды жоспарлауда.

 

Берик Касен