Спорт

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы бірінші жартыжылдықты қорытындылады

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Соңғы кезде жүктелген міндетті көркем гимнастшылар жоғары дәрежеде орындап жүр. Олар бұл спорт түріне салынған қаржыны ақтауда. Жарысқа арнайы дайындалатын жерлері болмағанымен, гимнастшылар жоғары көрсеткіштерді көрсетуде. Оның дәлелі ретінде ел чемпионатындағы 3 медаль мен командалық есептегі 6-шы орынды айтуға болады. Бұл – өте жақсы нәтиже. Яғни, біздің көркем гимнастикадан бұдан да биік дәрежеге жете алатындығымызды көрсетеді.

Сонымен қатар, жиында спорт басқармасының басшысы волейбол ойынындағы жетістіктерге көңілі толмайтынын білдірді. Жалпы бұл отырыста 3 сұрақ қаралды. Жыл басынан өңір спортшылары 14 әлемдік, 327 республикалық және халықаралық медальдарға ие болған. Бірақ, Руслан Есеналин жеңіл атлетикадан жеңіп алған жүлделер саны аз дейді. Яғни, бұл саланы өңірде дамыту керектігін айтты. Аталмыш спорт түрінен СҚО-ның бас бапкері Петр Литвиненко бүгінде жүлделі орындарға ие болатын жас ұрпақ тәрбиелеп отырғанына тоқталды.

Петр Литвиненко – СҚО жеңіл атлетикадан бас бапкері:

-Бүгінде бізде көптен бері жеңімпаз болып жүрген кейбір атлеттер спорттан кетіп жатса, кейбірі жарақат алып беделді жарыстарға қатыса алмауда. Енді біз оларды алмастыратын жаңа буын тәрбиелеп жатырмыз. Жас ұрпақ биік шыңдардан көрінуі үшін де мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.

Бүгінде облыста 2 715 спорт нысаны, оның ішінде 23 стадион, 523 спорттық зал және 1 529 ашық алаң бар. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы облыс орталығындағы спорт сарайы мен Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені қоллданысқа берілмек.

 

 

Айгерим Ержанова