МТРА жаңалықтары

Ұлт жоспарындағы алғашқы 15 нақты қадам кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға бағытталған

Айдархан Рахимов, СҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департементінің қызметкері:

-Қазір жоғары оқу орнын бітірген немесе басқа мекемелерден жұмыс істеп келген адамдар заңды жаттап алып, мемлекеттік қызметке оңай орналасады. Менің ойымша, мұндай маманның кәсіби біліктілігі жоғары болуы тиіс.

Жаңа ереже қабылданған жағдайда бір орында бірнеше жыл жемісті еңбек еткен мемлекеттік қызметші лауазымын конкурстан өту арқылы жоғарылата алады. Әрі ол 3 жылда бір рет кәсіби шеберлігін арттырып отыруға тиісті. Осы ретте департамент, басқарма басшыларының жұмысы да қатаң сынға алынбақ. Әрбіріне еңбекақы жылдық жоспарға сәйкес атқарылған жұмыстарына байланысты өседі.

Зина Байғаскина, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің кеңесшісі:

-Балық басынан шіриді демекші. Бұл жерде мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларды қаншалықты деңгейде атқарып жатқандығы тексеріледі. Олар Елбасының бағдарламасын мүлтіксіз орындап, елдің тұрақты дамуына үлесін қосуы тиіс. Мемлекеттік қызметші деген атағына кір келтірмей, жұмысқа селқостық танытпауы тиіс. Өйткені, оның ісіне қарап төменгі лауазымдағы қызметшілер үлгі алуы мүмкін.

Ұлт жоспарындағы қадамдарда айтылған бұл сөздер мекеме басшыларына ғана емес, министрлікте отырған, үкіметке мүшелік еткен азаматтарға да қатысты. Осыған орай 2016 жылы барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты мемлекетік қызмет туралы заң қабылданбақшы.

 

Берик Касен