Қоғам

“Аймақтардың дамуы туралы айтамыз” форумы өтті

Мейман қоғамның назарын алыс-жақын шетелдерге кетіп жатқан жастарға аудартқысы келеді. Айтуынша, соңғы кезде жерлестеріміздің көбі шетелдік ЖОО-дарын таңдайтын болған. Және мансап, жақсы күнкөріс іздегендері білімі мен ақылын өзге елдің дамуына жұмсап жатыр.

Қанат Әуесбай, “Қазақстан-2050” жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры:

-Жергілікті жастар РФ көршілес облыстарына оқуға кетіп жатыр. Салыстырмалы түрде алсақ, ондағы ЖОО-лар оқудың бағасы арзан және одан бюджет есебінен оқуға оңай. Жергілікті университеттерде жастардың саны азайып жатыр. Мысалы, 2002 жылы М. Қозыбаев атындағы СҚМУ 13 мыңға жуық студент оқыса, бүгінде оның саны 3000-ға жетер-жетпес.

Дарынды, еңбекке қабілетті жастарымыз дамыған елдердің қолшоқпарына айналуы мүмкін. Бұған аға буын өкілдері мен халық қалаулылары, ұстаздар алаңдаушылық білдіруде. Отаным дейтін азамат азайса, келешекте дамыған елдердің отыздығына ену туралы арманымыз бұлыңғырланып кетепесе екен дейді. Бүгінде заманауи компанияларда жұмыстың 75% адамның ой-еңбегі арқылы тындырылады екен.

Жангелді Тәжин, Петропавл қалалық мәслихаты спорт және өнер саласындағы жұмыстар туралы комиссиясының төрағасы:

-Көршілес ел қазақстандық жастарға Ресей ЖОО-да оқуға 600-ден астам грант бөледі. Қай елде оқимын десе де әр жастың өз таңдауында. Кей жастар бізде жоқ мамандықтарды таңдайды. Сосын елге келгенен кейін сол мамандығы бойыншажұмыс таба алмайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда елді басқарып отырған азаматтарға ойлану керек деп ойлаймын.

Бүгінгі бала – ертең елдің болашағы. Қоғамға интеллектуалды, сыни тұрғысынан ойлай білетін, полимәдениетті, денсаулығы мықты тұлға қажет. Оны қалыптастыру жолында білім саласына мемлекеттен мол қаражат бөлініп, әр аймақта Назарбаев зияткерлік мектебі сынды элиталық білім ошақтары көптеп ашылуда. Ұлтқа, дінге, тілге қарамастан зерек оқушылардың республикалық, халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында өз бағын сынауға мүмкіндігі бар.

Мария Липчанская, “Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің” Петропавл қаласы бойынша филиалы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары:

-Менің ойымша, өңіріміздің зияткерлік әлеуеті зор. Облысымызда сапалы білім беретін мектептер мен білім ошықтары бар. Оған қоса Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылуымен оқушылардың білім деңгейін арттыру үшін үлкен мүмкіндіктер туады деген сенімдемін.

Білім саласы мамандарынан соң жиында үкіметтік емес ұйым көшбасшылары, бизнес қауымдастығының өкілдері, құрылыс, мәдениет саласының мамандары сөз алды. Олар әр салаға қатысты түйіткілді мәселелерді қозғады. Жалпы “Аймақтардың дамуы туралы айтамыз” тақырыбындағы бейресми форумына өңірден 200 адам қатысады деп күтілген. Алайда, біразы келген жоқ.

Қанат Әуесбай, “Қазақстан-2050” жалпыұлттық қозғалысының медиа-директоры:

-Кейбіреуі өңірдегі проблемаларды әлеуметтік желілерде қауесет ретінде таратады. Одан да осындай ашық алаңға келіп қоғам болып талқылаған дұрыс. Сол арқылы біз мәселені анықтаймыз. Кейін ол мәселелердің шешілу жолдарын қарастырамыз. Ары қарай оны құзырлы органдардың назарына ұсынып, сол мәселенің тиімді әрі тез шешілуіне жол ашамыз.

Осыған дейін Астана, Атырау қалаларында өткен осындай форум алда Шымкент, Өскеменде ұйымдастырылмақ.


 

Берик Касен