Әр түрлі

Өндірістегі құжаттар жеке сот орындаушыларына тапсырылады

Батырбек Қалабаев – СҚО әділет департаменті жетекшісінің орынбасары.

-Жеке сот орындаушыларының институтын құру 2010 жылы сәуір айының 2-ші жұлдызынан қолға алынды. Қазіргі таңда елімізде жеке сот орындаушыларының республикалық алқасы және облыстарда өңірлік құрылымдар жасақталды. Осылайша, 2014 жылы Солтүстік Қазақстан өңірінде 4 жеке сот орындаушы тіркелген болса, бүгінгі таңда олардың саны 22-ге жетті.

Қазіргі таңда, әділет департаменті 17500-ден астам құжатты өндіріп алушыларға қайтарып берген. Яғни, ендігі кезекте, 17 мыңнан астам әкімшілік айыппұлды өтеу туралы құжат, коммуналдық қарыздар берешегі бойынша 152 материал мен банкке берешек 249 тұлғаның ісі жеке меншік сот орындаушыларына жолданатын болады.

Қарлығаш Бейсенова – жеке сот орындаушылардың аймақтық палата төрайымы.

-Жеке сот орындаушылар институты өз қадамын енді-енді бастап отыр. Сондықтан да біз тұрғындар, коммерциялық мекемелер және банк қызметкерлеріне осыған қатысты түрлі жиындар ұйымдастырудамыз. Оларға жекеменшік сот орындаушыларының қызметі туралы түсіндіреміз. Оның артықшылықтарын баяндаймыз. Себебі, қазіргі уақытта заң бойынша соттан шыққан барлық құжаттар жеке сот орындаушыларға өтуі тиіс.

 

Қазіргі уақытта әділет департаментінде өндірістегі құжаттарды жеке сот орындаушыларына өткізу бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізілуде. Көп ұзамай алименттерді өндіру ісі де солардың құзырында болмақ.

Сагыныш Маркашева.