Ауыл шаруашылығы

Аққайың ауданында шөп шабу жұмыстары қарқынды жүруде

Міне, Олег тіркемені шөпке толтырды. Оны енді шаруашылық иелігіне жеткізу керек.

Олег Даронин – «Салют» ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы

– Мен бұл қожалықта 6 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қазір шөпті шауып, жинап жатырмыз. Ай сайынғы алатын жалақымызда жақсы. Уақытылы қолға беріледі. Өз малымызға да шөпті осы жерде дайындаймыз. Жұмысты созбай, жақын арада бітіреміз деп ойлаймын.

Пішен шабу науқанына серіктестіктегілер маусымның 20-сында кіріскен. Толассыз жауған жаңбырға қарамастан, шаруалар осы күнге дейін 500 тонна мал азығын дайындап үлгеріпті.

Владимир Таубе – «Салют» ЖШС бригадирі, Аққайың ауданы

– Шөп шабу науқанын қарқынды бастаған болатынбыз. Бірақ, кейін жаңбыр жауып жұмысымызға кедергі келтірді. Соған қарамастан, шаруашылықтағылар жоспардың жартысынан астамын орындадық. Техниканың жағдайы жақсы. Жұмысшылар да істі білек сыбанып атқаруда.

Жалпы серіктестіктегілер 4,5 мың гектар жерге бидай, шөп және тағы да басқа дақылдар себеді. Шабындыққа 800 гектары алқап бөлінген. Бүгінде шөп шабуға 10 механизатор тартылыпты.

Владимир Таубе – «Салют» ЖШС бригадирі, Аққайың ауданы

– Біздің жылдағы дайындайтын шөбіміз мың тоннадан артық. Шаруашылықтағы жігіттердің барлығы жергілікті тұрғындар. Оларға жалақы және шөп беріледі. Өзімізге қажетті пішенді дайындағаннан кейін, ауыл тұрғындарына шөп сатамыз. Бір тіркеменің құны 3,5 мың теңге.

Биыл Аққайың ауданы бойынша барлығы 41 мың тонна шөп шауып, дайындау көзделіп отыр. Соның 70 пайызын аққайыңдықтар жинап үлгеріпті. Аудан бойынша мал азығын әзірлеуді бүгінде 45 ЖШС пен 25 шаруа қожалықтары атқаруда.

 

Култанов Байболат.