Без категории

Петропавлдағы сан жылдық тарихы бар ғимараттар

Ирина Корнилова – СҚО тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми-көркейту бөлімнің басшысы

 

– Мұражайдың жобасын Омбы губерниясының архитекторы Дмитрий Черниенко сызған. Құрылыста Сібір архитектурасы қолданылды. Қазіргі мұражай ғимаратының бірінші бөлігінде дүкен және “Центральная” атты қонақ үй болған. Ал 1920 жылдардың ортасынан мұнда мұражай жұмыс істей бастады. Сондықтан бұл Қазақстандағы ең ежелгі мұражайлардың бірі саналады. Оның 90 жылдық тарихы бар.

Ал ғимараттың сол қанаты көпес Стреловтың қарамағында болыпты. Бір қабатты құрылыс нысанында дәулетті отбасы дәрі-дәрмек сататын дәріхана ашады. Ал кеңес үкіметі тұсында аталмыш ғимаратта дүкен, балалар кітапханасы, тігін цехы жұмыс істеген.

Ирина Корнилова – СҚО тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми-көркейту бөлімнің басшысы

– Мына сол жақ қанат музейдің алғашқы ғимаратына қатты ұқсайды. 1982 жылы ол мемлекет шешімімен басты нысанға қосылды. Ал, соған жапсарлана салынған Жамбыл Жабаев және Қазақстан Конституциясы көшелеріндегі екі қабатты музей ғимараты Стреловтың тұрғын үйі болған. Бұл баспанада бір кездері қалалық әскери комиссариат орналасты деген деректер бар.

Нысан Малахов кірпіштерінен салынған. Қабырғалары түрлі өнердегі тастармен көмкеріліпті. Терезелері доға тәрізді. Ғимарат 1968 жылы мемлекет қарамағына берілген. 70 жылдардың басында алғашқы көрме залдары ашылады. Мұражайдың аумағын үлкейту мақсатында 2005 жылы нысан қайта қалыпқа келтірілді. Қазіргі күні мұражай ауданы 2700 шаршы метр жерді құрайды. 13 көрме залы жасақталған. Стендта тұрған фотосуреттерден қаладағы ескі құрылыстарды байқауға болады. Соның бірі көпес Юзефовичтің үйі.

–  Салынғанына бір ғасырдан уақыт өтсе де Алексей Юзефовичтің үйі қаз-қалпында сақталған. Тұрғызылған құрылыстан көне көпестердің архитектурасын байқауға болады.

Бір қарағанда, көпес үйі шағын ғана ғимарат болып көрінеді. Алайда тыңғылықты зер салсақ, зәулім баспана 3 бөліктен тұрады. Оның басты екі қабатынан бөлек, шатырында қосымша бөлмелері бар. Нысан толығымен ағаштан тұрғызылған.

Ирина Корнилова – СҚО тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми-көркейту бөлімнің басшысы

– Облыстық бейнелеу өнері мұражайының тарихы жиырмасыншы ғасырдан бастау алады. Көпес тұрғын үй ретінде тұрғызылған. Ал, 1920 жылдардағы мемлекеттік тәркілеу кезінде ғимарат үкімет тарапына өтеді. Содан кейін нысан балалар үйі, жас жұмысшылар мектебі болады. 1984 жылдан бері ол бейнелеу өнері мұражайы атауына ие.

Мұражайда қылқалам шеберлерінің сирек жұмыстары сақталған. Бұл жерде бүгінде түрлі көрмелерден бөлек, белгілі суретшілер өздерінің шығармашылық кештерін өткізеді.

Култанов Байболат.