МТРА жаңалықтары

Бас қаланың 17 жылдық мерекесін көппен бірге жамбылдықтар да атап өтті

Иван Турков – Жамбыл ауданының әкімі.

-Жамбылдық тұрғындарды елорда күнімен құттықтай келе, барша аудан тұрғындарына зор денсаулық тілеймін.

Сонымен қатар, Астана күніне орай, бірқатар жамбылдықтар аудан әкімінің құрмет грамотасы мен марапаттауларға ие болды. Бұл әрине, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне қосқан үлестері үшін, еңбектерінің еленгендері.

Ерлан Мүсетаев – Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері.

-Аудан әкіміне менің көпжылдық еңбегімді бағалап, марапаттап жатқанына алғысымды айтамын.

Ал, аудан жетекшісі Иван Турковтың қолынан жеке куәлігін алған Маржангүл Қамбарова, болашақта Елордада білім алсам деп армандайды. 16 жасар бойжеткен әсем қалаға арнап өлең жолдарын арнауда.

Маржангүл Қамбарова – аудан тұрғыны.

-Астананы туған күнімен құттықтаймын. Көркейіп гүлдене берсін деп тілеймін.

Ресми бөлім аяқталған соң, орталық алаңда, күмбірлеген күй, әсем әуен әуеледі. Ел мақтанышы Астананың 17 жасқа келуіне орай, 17 бойжеткен жиылған қауымға бауырсақтан дәм татқызып, тәтті торттан үлестірді. Бұл әрине, бас шаһарға деген құрметтің көрсетілген бір парасы ғана. Аудандағы 13 селолық округ пен әкімдік бөлімдері қолөнер көрмесін ұйымдастырған. Басты тақырып, Елордамыздың көркемдігін жеткізу, оған деген махаббатты сездіру. Бірі қыран бүркіт пен домбыраны қойса, енді бірі ою-өрнекпен көмкерілген көрпешіктерді шығарған. Ал ардагерлер кеңесі бас қаланың символы бәйтеректі қолдан жасапты. Мерекеге әдейі келген, Зәуре Бектасова, Астана жылдан-жылға адам танымастай өзгеруде дейді.

Зәуре Бектасова – Жамбыл ауданының тұрғыны.

-Дүкендегі тауарларды, олардың бағаларын көріп шықтым, бәрі жақсы, ұнады. Қымбат емес.

Сондай-ақ, Астана күніне орай Казанка ауылында да жағымды жаңалық болды. Мұнда жас кәсіпкер Артем Шатохин өзінің дүкенін ашты. Ауылдықтар үшін маңызды нысанның таспасын аудан әкімі кесті.

Ковчег деген атпен жұмысын бастаған дүкенде азық-түлік те, тұрмыстық химия заттары да, күнделікті қолданысқа қажет дүниелер де бар. Әрі бағалары да қол жетімді. Мәселен, бір бөлке нан 60 теңге, қант 190 теңге ал қарақұмықтың келісі 140 теңге. Ауыл тұрғындары болса, тағы бір дүкеннің ашылғанына разы.

Надежда Максимова Казанка ауылының тұрғыны.

-Дүкендегі тауарларды, олардың бағаларын көріп шықтым, бәрі жақсы, ұнады. Қымбат емес. Бізде бұдан басқа 3 дүкен бар. Бірақ, жаңа дүкен артық етпейді.

Дүкеннің қолданысқа енгізілуімен жаңа 3 жұмыс орны ашылған. 21 жасар жас кәсіпкердің алға қойған мақсаттары зор.

Артем Шатохин – «Ковчег» дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер.

-Астана күніне орай, мен өз дүкенім, Ковчегті ашып отырмын. Мұнда тауардың көбі отандық өнімдер. Дүкенді аша отыра, менің алға қойған жоспарларым көп. Енді соларды мемлекеттің қолдауымен іске асырсам деймін. Жас кәсіпкер ретінде “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасына жүгінсем деймін. Бизнесті дамыту үшін елімізде бар мүмүкіндіктер жасалған.

Елорда күніне орайластырып, сауда сөресін ашқан Артем, болашақта ісі де Елордамыз сияқты қарыштап дамиды деген сенімде.

 

Бакыт Садуакасов.