Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өрттен зардап шеккен баспана қалыпқа келтірілуде

Мына жерде екі күн бұрын орын алған өртті жанған заттар мен сыйқы кеткен ғимараттар ғана еске салады. Қызыл жалыннан әбден зәресі кеткен Ульянов 44 мекен- жайында орналасқан үй тұрғындары да, қазір сабырға келіп, шығындарын есептеп жатыр. Ирина Ходжаеваның пәтері бұл өрттен ең көп зардап шегіпті. Жалын баспанаға ауысқанда ең алдымен осы азаматшаның балконы отқа оранған. Кейін желдің әсерінен өрт шатырға көшті. Қала тұрғыны пәтерін бір жыл бұрын ғана күрделі жөндеуден өткізіпті.

Ирина Ходжаева- үй тұрғыны.

-Өрт сөндірушілдердің барлық құрылғылары біздің үй арқылы өтті. Сондықтан су тізеге дейін осында болды. От әрі қарай ауыспасын деп, бөлмедегі суды шелектеп қабырғаларға аттық.

Қазіргі таңда өрттен зардап шеккендерге қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгін оқиға орнына облыс әкімі Ерік Сұлтанов келіп жағдаймен танысты. Тұрғындармен тілдесіп, көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі.

-Біз тиісті қаражатты бөлдік. Ол подъездерді, шатырды және үйдің сыртқы бөлігін қалыпқа келтіруге жеткілікті. Жұмыстардың сапалы орындалуын да қадағалайтын боламыз. Жуық арада барлығы қалыпқа келтірілетін болады.

Айта кету керек, қазірдің өзінде мұнда қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін қала бюджетінен 25 млн теңге бөлініпті.

Қайролла Ғалеев- Петропавл қаласы әкімінің орынбасары.

-Бүгінгі күні құрылысқа қажетті материалдар әкелініп, шатырды жөндейтін мердігер компания анықталды. Жұмыстарды «Мирас груп» ЖШС атқарады. Барлық жұмыстар 20 шілдеге дейін аяқталуы тиіс. Әлеуметтік қорғау саласы мамандары қазір тұрғындармен тілдесіп, зардап шеккендерді анықтау үстінде. 13 пәтер анықталды, олардың тұрғындарына 139 мың теңгеден қаржы төленетін болады.

Айта кету керек, баспана шатыры 2 жыл бұрын ғана тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуден өткізіліпті. Петропавлдықтар әлі күнге дейін атқарылған шаруаның ақысын қайтарып үлгермеген. Ең бастысы тұрғындар өздеріне уақытылы көрсетілген көмекке риза. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші билік өкілдері де баспаналарын от шарпыған жерлестерімізге лезде қолдау көрсеткен.

Салтанат Жүнісова- «Авиатор» ПИК төрайымы.

-Барлығы жылдам жұмыс жасады. Өртті сөндірген соң бірден осы жердегі қалдықтар жинастырылып, түні бойы кезекшілік жүргізілді. Су, жарық, газ барлығы сөндірілген болатын. Ақырындап олар да қосылып жатыр. Билік өкілдеріне деген алғысымыз шексіз.

Қызыл жалын тигізген зардап қазір есептелуде. Оттың шығу салдары да анықталуда.

 

 

Магжан Ахмадина.