МТРА жаңалықтары

Маусымның 22-сі еске алу және аза тұту күні

Адамзат тарихындағы ең зұлмат қантөгісте жарқын болашақ үшін жанын пида еткен айбынды Кеңес әскерінің қатарына жерлестеріміз де болатын. Ер есімі ел есінде! Осы күні Қарасай мен Ағынтай ескерткішінің маңына жиылған қайырымды ұрпақ “Мәңгілік алау” мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, сұм соғыста опат болған ардагерлердің рухына тағзым етті. Алғашқы гүл себеті – облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан.

Бұдан кейін қызыл қалампыр ұстаған ҰОС қатысушылары, тыл еңбеккерлері , қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызметшілер мен жастар легі ұзын-сонар кезек құрды. Жиналған жұрт бейбіт күнге жетпеген боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Тәуелсіздіктің шуақты күндерін көрген Ұлы мейрамның бас қаһармандарының қатары күн санап сиреп барады. Бүгінде облыс орталығында көзі тірі соғыс ардагері мен оларға теңестірілген мүгедектердің жалпы саны 142. Сондай-ақ, жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің де қатары азайып барады.

Жасұлан Құдабаев, тыл еңбеккері, ҚР еңбек сіңірген агрономы.

-Соғыс басталғанда менің жасым небары 12-де болатын. Мен 4 жыл бойына жалғасқан сұм соғыстың қалай өткенін білемін. Қаншама адамның өмірі үзілді.

Білімді де жігерлі тәуелсіз ел жастарының тілегі бір – ардагерлер сыйлаған бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтап еліміздің гүлденуіне үлес қосу.

Үсен Бимбет, ҚР ҰҰ ӘИ курсанты.

 

-Біз тәуелсіз елдің жастары ата-бабамыз қасық қанымен алып берген иен жерді сақтап, ел үшін аянбай тер төгуіміз қажет. Ардагерлердің ерлігін үлгі етіп, оны ертең келер ұрпаққа айтып жүреміз.

Артынша, өңір жетекшісі ескерткіштің маңында біраз кідіріп, жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдерімен әңгіме-дүкен құрды. Сұхбаттасу барысында ардагерлер аймақ басшысынан Петропавл Көкшетау бағытындағы тас жолдың құрылысы мен агроқұрылымдардың жағдайын сұрастырды. Осы күні қазыналы қариялар “Жеңіс” саябағындағы “Даңқ” аллеясында да болды.

Берик Касен.