Денсаулық сақтау

Антына адал дәрігер-хирург

Мереке Негемеджанов – Облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі

– Бұл науқас бізге өттің қабынып асқынуы деген диагнозбен түсті. Қазір өттегі тастарды алу бойынша ота жасалып жатыр. Лапороскопиялық әдіспен теріде небары кішкентай тесік жасалып, сол арқылы құралдар енгізіліп, ота қашықтықтан жүргізіледі. Ашық жара болмағандықтан, 2-3 күнін соң науқас өзі жүріп-тұрып, тамақ іше алады. Ал егер ауыртпалықтар болмаса, онда 5-6 күнде үйге шығарамыз

Жалпы мұнда күніне 4-5 ота жасалады. Соның барлығы осы Мереке Сайранұлының жіті бақылауымен өтеді. Қолы жеңіл хирургтің біліктілігін жоғары бағалайтын көпшілік дертке дауа іздеп, шалғай аудандардан да келіп, осында қаралады. Сондайлардың бірі Бахыт Иманалиева.

Бахыт Иманалиева

– Менде аппендицит болды. Ол отаны маған Атбасар қаласында жасады. Бірақ осында келгенде аяқ астынан ауырып, осы ауруханаға түсіп қалдым. Маған сол кезде осы Мереке Негмеджанов ота жасап, аман алып қалды. Кейін де өзі қарап, бақылап жүрді. Енді міне бүгін үйге кеткелі жатырмын.

«Хирургтың қолы – әйелдікіндей нәзік, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандыкіндей айбатты болуы керек» деген нақыл сөз бар. Жалпы, хирург болу өте қиын. Мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мереке Негемеджанов адам жанының арашасы – дәрігер болатындығын 8 сыныпта оқып жүргенде шешкен. Сөйтіп, Ақмола медициналық институтына түседі. Бүгінде мыңдаған оталар жасаса да, әлі күнге дейін алғашқы тәжірибесін есінен шығармаған. Білікті маман қызметінің маңыздығын сезінеді. Өйткені оған артылған жүктің салмағы ауыр.

Мереке Негемеджанов- Облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі

– Операция жасамас бұрын қалай болар екен деп ойлансақ, операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Науқастың отадан кейінгі жағдайы қалай? Ертең ешбір ауыртпалығы болмаса екен деп барлығын саралайсың. Дәрісін беріп, екпесін жасайтын басқа салаларға қарағанда, хирургия саласының салмағы өте ауыр.

20 жылдан астам өмірін медицинаға арнаған бұл жан, қазіргі күні мемлекеттің осы салаға бөліп отырған қолдауына риза. Заманауи құрылғылар пайда болып, дәрігерлер өзге елдерде біліктілігін арттыра алады дейді ол. Мереке Негмеджановты әріптестері де жақсы маман ретінде біледі. Сондықтан мақтан тұтады.

 

Магжан Ахмадина.