Мәдениет

Жерлесіміз Василий Коноплев Михайл Лермонтов медалімен марапатталды

Пушкин шығармашылығына қызығушылығы мол жерлес жазушы Лермонтов атындағы медальді иеленіп оралды. Ресейліктер оның Елордадағы Ресейлік ғылым мен мәдениет орталығында ұйымдастырған Пушкиннің өмірі мен өнері туралы үлкен көрмесін жоғары бағалаған екен.

Василий Коноплев – М.Ю Лермонтов атындағы сыйлықтың иегері.

-Мені осы орталыққа өз көрмемді өткізуге мамырда шақырған болатын. Шара соңына жеткен соң, жұмыстарымды жинау үшін Астанаға бардым. Ұйымдастырушылар Мәскеу қаласынан жазушылардыың келгенін айтып, жиынға қатусуды ұсынды. Шараның соңында ғана оның бізді марапаттау мақсатында ұйымдастырылғанын түсіндім. Авторлардың қатарында мен де бармын. Өзім таң қалдым, бірақ мен үшін күтпеген баға.

Әдебиетқұмар жан көрмеге 50-ден артық фотосуретті кірістірген екен. Олардың барлығында Александр Сергеевич Пушкиннің әлемнің әр бұрышында орналасқан ескерткіштерінің суреттері бейнеленіпті. Орыстың ұлы ақынының мүсінін іздеген солтүстікқазақстандық Азия мен Европа мемлекеттері және Америка Құрама штаттарын шарлаған. Мысалы, біздің елде орыс әдебиеті майталманының 21 ескертіші орнатылыпты. Оның үшеуі Солтүстік Қазақстанда орналасқан. Ал, әлемге ақынның 800-ге жуық мемориалы мәлім. Әр ескерткіштің өз тарихы бар дейді Василий Коноплев.

Василий Коноплев – М.Ю Лермонтов атындағы сыйлықтың иегері.

-Бүкіл әлем Пушкинді орыс әдебиетінің бастауында тұрған тұлға ретінде таниды. Қытайдағы Хей Хе қаласында орыс әдебиетінің алып тұлғасының құрметіне орай 4-ші ескерткіш орнатылды. Жәдігерде “Орыс әдебиетінің атасы” деген атау беріліпті. Менің ойымша, әдебиетке ең алғаш болып сүбелі үлес қосқан авторға бұл теңеу әділ қолданылған.

Теріскейліктерге Василий Коноплев тек Пушкиннің шығармашылығына қызығушы ғана емес, ақын-жазушы әрі әнші ретінде танымал. Ол публицистикалық және поэзия бағытындағы 8 кітаптың авторы. Бүгінде әдебиеттанушы 58 жаста, десе де аталған хоббиінен қол үзуді ойлаған да емес. Ол алдағы уақытта Пушкин ескерткіші орналасқан өзге жерлерді аралап қайтуды жоспарлап отыр.

Акбопе Танирберген.