Мәдениет

Қызылжарға Заттыбек Көпбосынұлы келді

Заттыбек Көпбосынұлы әнші композитор.

– Мен биыл Қызылжарға 5-ші рет келдім. Әрқашан жылы көңілмен, ыстық ықыласпен қарсы алады. Жалпы Қазақстанның қай қаласына барсам да өнерімді бағалап гүлін арқалап, ән кешіме келетін тыңдармандарым бар. Ол кісілерге басымды иіп алғыс білдіремін.

Иә, әнші теріскей халқын сағындырмай жыл сайын келіп тұрады. Биылғы сапарында тыңдармандарын шығармашылығындағы жаңалықтарымен қуантты. Мәселен, жаңа ән “Еркемайдың” сөзін Мұратхан Ахметбек жазса, әнін сазгердің өзі шығарған. Одан бөлек “Перзент тілегі”, “Бүлдірген” сынды репертуарына енген жаңа туындыларын да ортаға салды.

Көрерменді өнерімен жаулаған Заттыбектің әндері халықты билетпей қоймады. Бәрін ұмытып ортаға шыққан көңілі көтеріңкі жұрттың арасында аналардың ақ жаулығы да ағараңдады. Өнеріне табынған тыңдармандары әншінің құшағын гүлге де толтырды. Айта кету керек, бұл концерт маусымның 3-не белгіленіп, кейінірек осы айдың 16-на шегерілген. Осы орайда сазгер Петропавлдық тыңдармандарын күттіріп қойғаны үшін кешірім сұрады.

Заттыбек Көпбосынұлы әнші композитор.

– Иә концертімді шегеруімнің өзіндік себептері болды. Бізде де ағайын-туыс, жеке өміріміз бар. Жаңа сахнада халықтан кешірім сұраймын деп шыққанмын, қобалжып есімнен шығып кетті. Қызылжар халқына осы жерде тағы да бір алғыс білдіргім келеді.

Кеште Заттыбек шәкірті Назерке Исаковамен жұптасып екі ән орындады. Сахнадан енді көрініп жүрген әнші қыздың жеке орындаған әндері де жұршылық көңілінен шықты. Бүгінгі концерттік бағдарламаны асыға күткен көрермендер әншіге ыстық ықыластарын білдірді.

 

 

Акбопе Танирберген.