Анархан Дүйсенова – СҚО әкімінің орынбасары.
-Сіздерді жазғы спартакиаданың ашылуымен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан құттықтаймын. Барлығыңызға жарқын жеңіс тілеймін.
Бір апта бойы сынға түсетін жандардың қатарында Азамат Таңатов та бар. Ақжар аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі инспекторы бұл сайысқа осымен үшінші рет қатарынан қатысуда. Өткен жылдары жүлдеге іліге алмаған тәртіп сақшысы, бұл жолы жіберілген еселерді қайтарып, қайтсем де биік белестен көрінем деуде.
Азамат Таңатов – Ақжар аудандық ішкі істер бөлімі кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі жөніндегі инспекторы.
-Бұл жарысқа дайындық мықты өтті. Ауданда күні-түні жаттықтық. Жеңеміз деген ойдамын.
Спартакиаданың ашылу салтанатында өңірдің бас полицейі Берік Біләлов “Динамо қозғалысын дамытуға қосқан үлесі үшін” медалімен және “Құрметті Динамошы” белгісімен бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларын марапаттады. Кейін сайысқа қатысушылар сынақ өтетін алаңдарға аттанды. Алғашқы жарыс – жауынгерлік қару “Макаров” тапаншасынан ату.
-Бұл салмағы 810 грамм болатын “Макаров” пистолеті. Дәл қазір сайысқа қатысушылар 25 метр қашықтықтан нысанға дәл тигізіп, өз командаларына қажетті ұпайларды алу қажет. Әрине бұл оңай шаруа емес. Құралайды көзбен ататын үздік сұрмергендерді уақыт анықтайды.
Бұл сында өз бағын сынап жүргендердің қатарында күрең берет иегері Айбек Қырықбай бар. Әскери өмірдің мәнін ұққан сарбаз ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушысы болып қызмет етеді. Болашақ офицерлерді тәрбиелеп жүрген азамат тапаншамен атуда үздік нәтижеге қол жеткіземін деген сенімде.
Айбек Қырықбай – ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушысы.
-Үш оқ дайындық үшін атуға берілді. Оны пайдаланлдым. Кейін бес мәрте аттым. Енді нәтижені күтіп тұрмын.
Жалпы жарысқа қатысушылар 5 спорт түрінен сынға түседі. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер 20 маусымда Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты жиында марапатталады.
Риат Шони.