Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 2016 жылы 4 жұлдызды қонақ үй бой көтереді

Алдағы уақытта инвестор “Бизнестың жол картасы 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды жоспарлап отыр.

Дмитрий Кошелев – “Nord hotel Group” ЖШС құрылтайшысы.

-Жобаның құны шамамен 1 млрд. 23 млн теңгені құрайды. Нысан 10 мың 900 шаршы метр аумақты алады. Қонақ үйде 120 бөлме, оның ішінде 106-сы стандартты, 10-ы делюкс, 2-еуі люкс болса, тағы соншасы президенттік номер ретінде салынбақ. Сонымен қатар, астыңғы 2 қабаты сауда дүңгіршектері мен супермаркет үшін пайдаланылатын болады. Және нысанның ішінде фитнес орталық пен конференц зал жасақталады.

Құрылыстың ресми бастау алуына қатысқан аймақ жетекшісінің орынбасары Ерлан Әукенов жобамен жіті танысып, мұндай қонақ үйдің бой көтеруі қаламызға көрік беріп қана қоймай инфрақұрылымның дамуына тың серпіліс беретінін алға тартты.

Ерлан Әукенов – СҚО әкімінің орынбасары.

– Заманауи қонақ үй кешені жоғарғы лауазымдағы тұлғаларды қабылдауға өз септігін тигізбек. Бүгінде облыста ондай қажеттілік бар. Келесі жылы бізде бірқатар ауқымды шаралар жоспарланған. Солардың бірі Қазақстан мен Ресейдың аймақаралық форумы. Ол уақытқа дейін бұл нысан қолданысқа тапсырылады деген ойдамын.

Кейін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жаңа нысанның құрылысына рұқсат беретін әрі оны құжат түрінде растайтын келісім салынған капсуланы орнатты. Облыс орталығында заманауи нысанның пайда болуы өңіріміздің туризм әлеуетін де арттырмақ.

Айдын Керімбек – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.

– Қаламызға шет елдерден көптеген туристер келеді. Оларға жоғары деңгейде қызмет көрсететін қонақ үй жоқ. Осы нысанның құрылысы арқылы бұл мәселе оң шешімін таппақ.

Жалпы халықаралық стандарттарға сай қонақ үйдің құрылысы 2016 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарлануда.

 

 

Риат Шони.