МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Тәуелсіздік жылдары мыңдаған заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімі ақталды. Олар ұлты мен діні, тілі мен діліне қарамастан, тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.

Кейін мемориалдық кешенге өңір жетекшісі Ерік Сұлтановтың атынан гүл толы себет қойылды.

Қазақтың қайсар мінез ұлдарын қынадай қыру саясаты елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен, КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар, молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады. Алланың ақ жолына түсіп, сол үшін түрме азабын кешкендердің қатарында Ескендір Нұрымовтың әкесі Хасен Нұрымовта болған. Бүгін көнекөз қария жерлестерімен бірге өзіне тірек болған жанды еске алып, тағзым етуге келіпті.

Ескендір Нұрымов – Саяси қуғын-сүргін құрбаны Х.Нұрымовтың ұлы, тыл еңбеккері.

-1941 жылы 12 сәуірде түнде әкемді алып кетті. Оны 58-ші баппен 10 жылға соттады. Кейін 11 айдан соң ақталып, босатылды.

Бұл күні бір қуантарлығы, көктемнің жаймашуақ таңында қызыл террор қуғыны болған жандардың рухына тағзым етуге келгендердің қатарында өскелең ұрпақтың қатары қалың болды. Айжан Қамидола облыс орталғында солақай саясаттың құрбаны болған атасы Хамидола Сәдуақасовты еске алуға еліміздің бас шаһары Астана қаласынан арнайы ат терлетіп келіпті. Қаралы шақтың жалыны бұл әулетті де шарпымай өтпепті.

Айжан Қамидола- Саяси қуғын-сүргін құрбаны Х. Сәдуақасовтың немересі, Астана қаласы.

-Менің ойымша, ол жылдар адамзат тарихындағы өте қиын замандардың бірі. Өйткені солақай саясаттың салдарынан талантты, дарынды жандардың өмірі қиылды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешенге келгендердің барлығы мына алып тақтаға жақындап гүл шоқтарын қоюда. Бұл сол сұрқия саясаттың зардабын көрген 7612 жерлесіміздің есімі қашалып жазылған ескерткіш.

Болат Сағындықов- «Память» қоғамдық қорының төрағасы.

-Бұл мемориалдық кешен біздің облыс қауымының үлкен жетістігі. Біз 11 жыл бойы осы іспен айналыстық. Барлық қаражат халықтан жиналды.

1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке келген Филипп Голощекиннің қолдан ашаршылық жасағаны мәлім. Нәубет уақытта 2 млн. 300 мың қандасымыз ішерге азықтаппай қырылып қалды.

– Тұтас бір ұлттың көзін жоюға бағытталған сұрқия саясатты ұстанғандар қазақтың бар байлығы, қолындағы малынан айыруды көздеді. Аша тұяқ қалмасын деген саясаттың нәтижесінде қазақ даласында мыңғырған малдан тігерге тұяқ қалмады. Кейбір деректер бойынша 1928 жылы Қазақстанда 40 млн бас мал болса 1933 жылдары оның 4 млн ғана қалған.

 

Риат Шони.