Бұл іс-шараға мектеп оқушылары мен студенттер де қатысты. Жас ұрпақ Мағжан Жұмабаевты көрмегенімен, оны өлеңдері арқылы танып, сүйіп оқиды.
Ұлы тұлға «Мен жастарға сенемін» деп бүгінгі ұрпаққа үлкен үміт артқандардың бірі. Сондықтан, біз ақынның сенімін ақтап, болашаққа нық қадам басуымыз керек, – дейді М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің студенті Нұрия Мұхамадиева
Нұрия Мұхамадиева – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің студенті.
-Біз жастар атамыздың бізге артқан үмітін ақтауға тырысамыз.Сол үшін ерінбей еңбек етіп, көп жұмыс атқаруға жастардың атынан өзім уәде бере аламын. Еліміздің болашағына зор үлесімізді тигізетінімізге біз сенімдіміз.
Жиынға ақиық ақынның туысы Тасболат Бекенов те келді. Ол Мағжан Жұмабаевтың негізсіз сталиндік репрессия құрбаны болғанын мұңая еске алды. «Халық жауы» атанып, атылып кеткен атамыз бүгін мына бейбіт замандағы өскелең ұрпақтың өзіне деген ыстық ықыласы мен құрметін көрсе разы болар еді,- дейді Тасболат Бекенов.
Тасболат Бекенов – М.Жұмабаевтың туысы.
-Мен өмірімде Мағжанның туысымын деп мақтанған жоқпын. Өмірімде халық жауының баласы болдым. Бүгінгі күнде пенсиядамын. Мен жастарға сенемін деп айтты ғой. Сол жастар қазір Мағжан туралы көп жазып жатыр, айтып жатыр. Ағам шіркін, қазір тірі болса ғой деймін. Жастай атылып кетті ғой.
Ескерткіш маңына жиналғандардың ендігі мақсаты бір – бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтап, еліміздің гүлденуіне үлес қосу.
Айгерим Ержанова.