Балалар

1 маусым халықаралық балаларды қорғау күнінде Знайка” балабақшасы ашылды

Елена Колмогорова – “Знайка” балабақшасының директоры.

-Қазір балабақшаның жартысы ғана ашылған. Алда екіншісін ашуды жоспарлап отырмыз. Әзірше онда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол қолданысқа тапсырылысымен тағы 50 балғынды қабылдап, қосымша 2 топ ашылады. Онда негізінен мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленеді. Балғындармен арнайы логопед, психологтар жұмыс жасайтын болады.

Орман шағын ауданында ашылған жаңа нысанның жай-күйімен шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов танысып, жоғары бағасын берді. Қала әкімі балабақшаға бос қол келмей, бүлдіршіндерге базарлық ретінде ойыншықтар мен жеміс-жидектер ала келіпті. Жалпы екі қабатты бөбекжай барлық талаптарға сай. Мұнда 23 маман еңбек етеді. Бүлдіршіндер балабақшада сағат таңғы сегізден кешкі жетіге дейін болады екен. Күніне төрт мезгіл тамақтанады.

Гүлмира Каримова – Петропавл қалалық білім бөлімінің жетекшісі.

-Бүгінгі күні қаламызда 3 пен 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету мәселесі 86,5 пайызға дейін шешілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 88-ге дейін жеткізу мақсаты тұр.

Жалпы қазіргі таңда қала бойынша 11 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.

 

 

Риат Шони.