МТРА жаңалықтары

“Нұр Отан” партиясының СҚОФ-да саяси кеңестің мәжілісі өтті

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары.

-Үстіміздегі жылдың 1-ші мамырындағы мәлімет бойынша, облыстық партия құрамында кәсіпкерлікпен айналысатын іскер жандар тізімі артып келеді. Өңірде 39 мыңнан астам адам партия құрамында болса, оның 510-ы бизнесмендер. Дегенмен, әлі де шаруа қожалықтарының басшыларын қатарға қосу сылбыр жүруде.

Өңір жетекшісі бұл мәселені әрі қарай бақылдауда ұстап, шілденің 1-не дейін нұротандықтардың қатарына кәсіпкерлерді тартуды міндеттеді аудан әкімдеріне.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Барлық аудан әкімдеріне бас партия құрамына кіретін кәсіпкерлердің санын екі есе ұлғайтуды тапсырамын. Маған шілденің біріне дейін жеке-жеке есеп бересіздер.

Кейін, партия бекіткен жобалардың өңір аудандарында қандай деңгейде іске асып жатқандығы қаралды. Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі Владимир Дудов Елбасы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – бизнесті өркендетуде жасалып жатқан жағдайға тоқталып өтті. Мысалы, 2014 жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы көмегіне өз ісін ашуға ниеттенген 40 кәсіпкер жүгініп, 87,5 млн. теңгенің несиесін алған.

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі.

-Соның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге 18 адам, өндіріс саласында 11, және қызмет көрсету бойынша 11 азамат кәсібін ашуға қаржылай қолдау сұрап, олардың өтініштері мақұлданды. Бүгінгі күні несиелік ұйымның қарауына тағы құны 9,5 млн. теңгенің 4 жобасы түсті. Сонымен бірге республикалық бюджет есебінен 12 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осының арқасында ауданда жұмыссыз жүрген тұрғындар, жұмысқа тұрып, напақа табуда. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың пайдасын атап өткен жөн.

Аудан әкімінің есебін тыңдаған өңір жетекшісі баяндамада айтылған әрбір шаруа іс жүзінде атқарылуы керектігіне баса назар аударып, өзге де саладағы көрсеткіштерді арттыруды міндеттеді. Тимирязев аудандық “Нұр Отан” партиясы филилалының төрағасы Еркін Базарханов әлеуметтік жобаларға тоқталды. Мысалы, “Кедергісіз келешек” жобасы арқасында мүгедектердің қоғамға бейімделулеріне жағдай жасалуда. Өйткені, бүгінде Тимирязев ауданында 493 мүмкіндігі шектеулі жан тұрып келеді. Жыл басынан бері мұнда мүгедектерді қолдау шаралары қаралған екі отырыс өткен. Аталмыш ауданында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған партия жобасы да назардан тыс қалмады.

Еркін Базарханов – Тимирязев ауданының әкімі.

-Қазіргі таңда аудан бойынша 30 жасөспірім қамқорлыққа алынған. Оның 3-уі патронаттық тәрбиеге берілді. Баршасының дерлік әке-шешелері сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылған. Жетім 32 баланың 18-і үй алуға кезекке тұрды.

Кеңесте Тайынша ауданындағы нұротандықтар өткізген қоғамдық шаралар туралы да айтылды. Сонымен бірге, тұрғындардың мұң-мұқтажын қарап, көмек беру жайы да қаралды. Биыл аудандық партияның қоғамдық қабылдауына 78 азамат жүгініпті.

Уақыт Бейсембаев – Тайынша аудандық “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

-Тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың мәселелерін шешуде қоғамдық қабылдау өткізудің маңыздылығы ерекше екендігін атап өткім келеді. Кездесу барысында атқамінерлер мен аудандық депутаттар азаматтың тілегін қарастырып, шешу жолдарын қарайды. Ол тұрғындардың құқықтық сауатын жетілдіріп, басшылыққа деген сенімді арттырады.

Еліміздің бас партиясының қызметіндегі басым бағыттарының бірі – жемқорлыққа тосқауыл қойып, тамырына балта шабу. Есіл аудандық партия филиалының өкілдері осы бағытта таныдырылған шаруаға тоқталды.

Еділ Тұтқышев – Есіл аудандық “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

-Жемқорлықтың жолын кесу мақсатында аудандық партия филиалының жанынан қоғамдық кеңес жасақталды. Аталмыш ұйым негізінен тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдар бойынша жұмыс жасауда.

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл”, дегендей жиын соңында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуге белсенді ат салысқан 27 жерлесіміз алғыс хатқа ие болды. Қошеметке бөленгендердің қатарында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры – Мүкарам Тайжанова да бар.

Мүкарам Тайжанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры.

-Сайлау күні жергілікті жоғарғы оқу орнының оқытушылары мен студенттері бір адамдай сайлау учаскелерінен табылды. Бүгін мені марапаттап жатыр, бұл барлық ұжымның еңбегі деп білемін.


 

Бақыт Сәдуақасов.