Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтар ҰОС Жеңістің 70 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті

Осылайша қанды қырғын әр үйдің өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Сұлтан Мұхаметжанов әскер қатарына 1941 жылы шықыртылыпты. Неміс басқыншыларымен күрсіп, сол кездегі кеңес одағының бірқатар қалаларын жаудан азат еткен. 9 мамыр жеңіс күні мерекесін Венгрия мен Австрияның шекарасында қарсы алған. Көнекөз қарияның бүгінгі тілегі – ұрпағының бейбіт күнде өсіп-өркендеуі.

Сұлтан Мұхамеджанов, Ұлы Отан соғысының ардагері

– Ресей, Украинаның бірқатар қалаларын фашистерден азат етуге қатыстым. Қазіргі ұрпақ біз көрген қиындықты көрмесін. Тілегендерің қабыл болып, істеген жұмыстарың жеңіл болып, соның қызығын көріңдер!

Ұлы Отан соғысына аттанған 70 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың 32 мыңы майдан даласында жер құшса, дәм-тұзы елден бұйырғандары үйлеріне аман-есен оралды. Бүгінде көзі тірі 259 ардагер қалды. Оларға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді деп атап көрсетті 9 мамыр Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Жеңіс бізге оңай жолмен келген жоқ. Ер азаматтар – майданда, әйелдер мен балалар – тылда еңбек етті. Олардың әрқайсысы Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосты. Өкінішке қарай, бүгінде Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан ардагерлердің қатары саусақпен санарлықтай ғана қалды.

Өз кезігінде әскери сала өкілдері де ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне жылы лебіздерін білдірді. Аталардың ерлігі біздер үшін қашанда үлгі-өнеге болып қала бермек.

Ербол Отарбаев, ҚР ҰҰ Әскери институтының курсанты, III-дәрежелі “Айбын” орденінің иегері

– Сұрапыл соғыстың жаңғырығы 70 жыл өтсе де әлі ұмытылған жоқ. Ерліктің сан үлесін көрсеткен майдангерлердің арқасында біз бейбіт күнге жеттік. Бүгінде Отан ананы қорғау тәуелсіз елдің ұландарына жүктелген.

Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлері де зор үлес қосты. Бірі зауыт-фабрикаларда енді бірі егін алқаптарында майдан үшін бел жазбай тер төкті. Осы күні өңірде 14 мың тыл еңбеккері тұрады. Бұл санатта Жүбәй Ахмадиева бар. Әжеміз әрі 9 рет құрсақ көтерген батыр ана. 80-нің сеңгіріне шыққан кейуана отты жылдары үлкендерге қолқабыс болып 8 жасынан егіс алқабында масақ терген.

Жүбәй Ахмадиева, тыл еңбеккері, батыр ана

– Аш, жалаңаш жүрдік бала-шағаларымызды осы халге жеткіздік. Халқым аман болсын, елімізде тиыштық болсын. Ешқашан соғыс болмасын!

Артынша, алаңға жиылғандар “Мәңгілік алау” мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Осы жерде көкке ҰОС-дағы Жеңістің 70 жылдығына орай бейбітшіліктің символы – 70 көгершін жіберілді.

Мұрагер Әйіп, “Ішкі әскерлер қызметінің үздігі” төс белгісінің иегері

– Аталарымыз жаудан қоғап қалған жерімізді ешкімге бермей, оны жақсылап қорғау парызымыз.

Ақмарал Әріп, студент

– Бізді осы күнге жеткізген ата-апаларымызға алғысым шексі.

Дамир Айтбаев

– Ардагерлеріміздің ұрпағына амандық тілеймін. Аталарымыздың денсаулығы мықты, ашпанымыз ашық болсын!

Күләш Құдыкенова Мәңгілік алауға қарап, майдан даласынан оралмаған туғандарын есіне алады. Сұм соғыстан ауыр жарақатпен оралған әкесінің жан азабын осы күні есіне алса жаны сыздайды. Уақбаветар әулетінен майданға 5 ағайынды аттанып, 4-еуі хабар-ошарсыз кетті.

Күләш Құдыкенова, соғыс ардагерінің қызы

– Отанымызға тиыштығын берсін. Енді балаларға соғыс болмасын. Әкем ылғи балаларға Берлинен Украинаға, Украинадан Ленинградқа жеттім деп айтып отыратын.

Мәңгілік алау жанында шағын әскери қалашық орын теуіп, онда ардагерлер мен салтанатты шараға қатысушыларға солдат ботқасы әзірленді. Осы күні 4000-ға жуық солтүстікқазақстандық “Мәңгілік полк” шеруіне қатысты. Кейінгі ұрпақ туған еліне оралмаған батырларымыздың фотосуреттерін ұстаған күйі қаламыздың негізгі көшелерімен жүріп өтті. Жастар үшін тәрбиелік маңызы зор ортақ шараға Қоспановтар отбасы да үлес қосты. Майдангердің ұлы Аманғали Қоспанов шеруге 2 ұл мен қызын ертіп келді.

Аманғали Қоспанов, қала тұрғыны

– Менің әкем Қоспанов мейрам Шал ақын ауданына қарасты шортай ауылынан соғысқа 41 жылы аттанды. 1943 жылы соғыстан жарақат алып, елге келіп қызмет істеді.

Осы күні темір тұлпарды тақымдаған 50-ге жуық азамт аға толқынға құрметін автошеру ұйымдастыру арқылы көрсетті.
Жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасы мереке шырайын аша түсті. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, әскери-патриоттық өлеңдер оқылды.

Ұлы жеңістің 70 жылдығын облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтары осылайша бар сән-салтанатымен атап өтті. Алаңға жиылғандардың бәрінің тілегі бір. Ол тәуелсіз Қазақ елінде тату-тәтті бейбіт күн кешу.

Берик Касен.