Жылдан-жылға бұл мерекенің мәнісі тереңдеп, ұлттардың достығын біріктіре түскендей. Ата-бабамыз аңсап өткен “қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған” заман міне, осы болар. Ол халықтың өзара түсініспеншілігі мен сыйластығының жемісі, Елбасының көпжылғы еңбегі.
Қазақстан халқының бірлігі күні Петропавлда бүгін ерекше атап өтілуде. Мерекелік бағдарлама да ауқымды әрі өзгеше. Қазақ елін мекен еткен барлық этнос өкілдері бір-бірден ұлттық киімдерді киіп алып, мәре-сәре көңілмен той-думанға белсене қатысып жүр.
Біздің өңірге “Серпін” бағдарламасы аясында оқуға келген Қызылорда облысының қыздары шуақты мереке теріскей өңірінде бар сән-салтанатымен аталып өтілуде дейді.
Зинара Нартаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті.
-Әр ұлттың киімін кидік. Петропавл қаласында өте көп ұлттар өмір сүреді екен. Мен осы жақта грантқа түсіп оқып жатқаныма қуаныштымын.
Гүлмарал Иманбек – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті.
-Мұндағы ұлттардың татулығы, мұғалімдердің ішінде де өзге ұлт өкілдері бар. Олардың жылы көзқарасы бәрін ұмыттырды. Барлығы жылы қабылдады бізді. Тіпті, көмектерін көрсетеді қайда жүрсек те. Сондықтан, мұның барлығы Қазақстандағы ұлттардың татулығын дәлелдей түседі деп ойлаймын.
Бүгін мерекелік бағдарламаны көпшілікпен бірге облыс әкімі Ерік Сұлтанов та тамашалады. Қалың қауымның алдында өңірдің шығармашылық ұжымдары елдегі татулықты әнге қосты.
Осы сәтте бір-бірінің қолын ұстаған жастардың ұзын достық тізбегі өтті.
Биші қыздардың киімі көздің жауын алады. Олар мың бұралып қазақтың биінен бастап, орыс пен кәріс халықтарының, ұйғырдың биін билеп шықты.
Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Олардың ауызбіршілігін сақтап әрі оны нығайту – мемлекет саясатында маңызды орын алады. Елдің ең басты құндылықтарын атап өткен облыс әкімі Ерік Сұлтанов солтүстікқазақстандықтарды мерекемен құттықтады.
Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.
-Президенттің қоғамдық келісім мен ел бірлігіне бағытталған салмақты саясаты – кемел келешектің кепілі. Сан ғасырлар бойы талай халықтың тағдыры тоғысқан Солтүстік Қазақстан облысының тарихы терең. Бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері ел игілігі жолында табысты еңбек етуде. Біздің ең басты құндылықтарымыз – тәуелсіздік, бірлік және тұрақтылықты қастерлеу – қасиетті парызымыз. Осы айтулы күні баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға жақсылық, елімізге тыныштық және бірлік-береке тілеймін.
Бұл күні ұлтаралық келісімнің нығаюуына үлес қосып жүрген мәдени орталық өкілдерінің еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Қоғамдық институт мүшелері “Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл” мерекелік медальдарымен марапатталды.
Рашид Надиров – “Курдтардың “Барбанг” Асоциациясы” РҚБ облыстық филиалының төрағасы.
-Осы награданы мен үлкен сенім ретінде қабылдаймын. Біз осы бір жыл бойы барлық аудандарды аралап шықтық. Этномәдени ағарту жұмысын өткіздік. Биылғы жыл жақсы оқиғаларға өте бай: Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңіске – 70 жыл, Қазақ хандығының 550 жылдығы.
Қазақстанда әрбір ұлттың өз тілін үйреніп, мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеуге кең мүмкіндік берілген. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов сахнаның бір жағын жағалай орналасқан этномәдени бірлестік өкілдерімен әңгімелесіп, олардың шатыр астында жайған ұлттық қазыналарын тамашалады. Әрбір орталық бар өнерін көрсетіп, қонақжайлылығымен ерекшеленді.
Бейбітшілік болса ел де дамиды, халықтың әл-ауқаты артады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші” барлығы бірігіп, ұйымшылдық танытса Қазақстан жетістіктерге жетеді. Сол себеті, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, бейбіт өмірді бағалау қажет дейді этнос өкілдері.
Марина Тябус – №17 ұлттық өркендеу мектебінің поляк тілі пәнінің мұғалімі.
-Мен №17 ұлттық өркендеу мектебінде оқушыларға поляк тілін үйретемін. Қазір сыныбымда 22 бала бар. Осылайша, тілді үйрету арқылы оларға Отанға деген махабатт, өзгеге деген сыйластықты сіңіруге тырысамын.
Бүгінгі той-думанға ресейлік қандас бауырларымыз да келіпті. Солардың бірі – Қорған облысының “Қазақ” қоғамы төрағасының орынбасары Боранбай Бижігітов. Бұл өңірде қазіргі уақытта 15 мың қазақ тұрады екен.
Боранбай Бижігітов – Қорған облысының “Қазақ” қоғамы төрағасының орынбасары, Ресей.
-Бүгін, міне, әдейілеп, мереке-тойларыңызға келіп отырмын. Қазақстан халқын мерекемен құттықтаймын. Бүгін күн райы да жақсы екен. Қазақстанның төбесінде әрқашан да күн жақсы болсын. Осында менің апам тұрған, інім осында тұрады, балалар осында тұрады. Осында көп жолдастар бар, ағайын-туыс бар. Жиі келіп тұрамыз.
Бұл күні тұрғындар да бүкіл теріскей жұртын шұғылалы мерекемен құттықтап, игі тілектерін арнады.
-Қала тұрғындарын 1 Мамыр мерекесімен құттықтаймын. Баршасына жақсылық тілеймін. Қаламыз осылай көркейе берсін.
-Бірлік күні құтты болсын. Барлығымызға денсаулық болсын. Еліміз аман, халқымыз тиыш болсын. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын.
Сонымен, таңғы 10.00 кезінде басталған мерекенің көркі түске таман қызды. Жан-жақтан әуелеген ән естіліп, орталық көше адамның күлкісіне, қуанышына толды.
Данаш Хамзина.