Спорт

Жергілікті балуандар белбеу күресінен өткен ел чемпионатында жүлдегер атанды

Кристина Шарова – белбеу күресінен ҚР чемпионатының жүлдегері.

-Спортқа 4 сыныпта оқып жүрген кезімде аяқ бастым. Алғашында еркін күреске қатысып, бұл спорт түрімен 12 жыл айналыстым. Ал белбеу күресіне бет бұрғаныма 1 жылдай болды. Осы жолғы турнирде менің салмағымда 6 спортшы күресті. 5-уінің жамбасын жерге тигізсем, ақтық кезеңде сәл ептілік жетіспегендіктен, ұтылып қалдым. Бірақ, екінші орын да жаман көрсеткіш емес. Алдағы әлем чемпионатында барымды салып бағамын. Оған қазірден-ақ дайындық жасап жатырмыз.

Жақында өткен турнирде еліміздің әр өңірінен 150-ден астам балуан күш сынасқан. Оның арасында 5 спортшы солтүстікқазақстаннан аттанды. Өңір балуандарын біраз жылдан бері жаттықтырып жүрген Увалихан Дауренбековтің сөзінше, жарыста Павлодар, Ақтөбе мен Астана қаласының жастары лайықты қарсылық көрсеткен.

Увалихан Дауренбеков – белбеу күресінен облыстың аға жаттықтырушысы.

-Республикалық чемпионатқа Қазақстанның барлық аймағынан 23 жасқа дейінгі 150 шақты боз кілем шебері қатысты. Әрине, жарыста түрлі жағдайлар орын алады. Кейде дайындап апарған спортшың шаршы алаңға шыққанда сенімді ақтамай жатады. Сондықтан біздер психологиялық тұрғыдан жан-жақты жұмыс істейміз. Ол спортшы үшін ауадай қажет.

Қазірде жерлес балуандар үстіміздегі жылдың қыркүйек айында белбеу күресінен өтетін әлем чемпионатына дайындықтарын пысықтап жатыр. Әлем елдерінен жиналатын спортшылардың басын қосатын дүбірлі жарыс Монғолия елінде өтеді деп күтілуде.

 

 

Бакыт Садуакасов.