МТРА жаңалықтары

Солтүстік Қазақстанға техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілдері іссапармен келді

Ерлан Әукенов – СҚО әкімінің орынбасары

– Алғашқы бес жылдықта индустрияландыру картасына өңірде құны 30 млрд. теңге болатын 30 жоба енді. Яғни биыл 3 айдың ішінде таңдалған өндірістердің саны алғашқы бесжылдықтағысынан асып түсті. Жобалардың екеуі қазір іске қосылды. Қалғаны да осы жылы жұмысын бастайды деп жоспарлануда.

Еуразиялық экономикалық одақ тақырыбы қазіргі таңда өте өзекті. Жиынға қатысушылар бұл мәселе төңірегінде емін-еркін пікір алмасуда. Өңірімізде техникалық реттеу және метрология Комитеті жүргізген жұмыстардың жайы да жіті талқылануда.

Ғалымжан Дұғалов – ҚР ИжӘМ Техникалық реттеу және метрология Комитеті төрағасының орынбасары

– Біздің комитеттен бөлек әр аймақта Қазақстан стандарттау институтының филиалдары бар. Оларға жергілікті кәсіпкерлер өз ұсыныстары мен өтініштерін білдіре алады. Өндіріс ошақтары тауарларын экспорттайтын болса, оларға филиалдар шетелдерде қандай стандарттар бар екендігі жайында мәліметтер береді.

Солтүстік Қазақстан облысының аймақтық штабының отырысына қатысушылар “Табиғи минералды сумен бірге, қапталған ауыз суының қауіпсіздігі туралы” техникалық регламент жобасына жіті тоқталуда. Бұл стандарт біздің облыс үшін айтарлықтай маңызды. Солтүстік Қазақстанда шөлмекті су өндіретін 4 кәсіпорын ашылған. 11 тауар тасымалдаушы жұмыс істейді. Бұл жобаның регламентін әзірлеу өткен жылдың тамыз айында басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін 30-ға жуық ұсыныс пен ескерту енгізіліпті. Екі өзгеріс құпталыпты. Оның біреуі кішкентай балалардың тағамын өндіру үшін пайдаланылатын суды хлормен өңдеуге тыйым салу екен. Кәсіпкер Александр Казанцев шөлмекті су шығарумен бұрыннан таныс. Бүгін ол техникалық регламенттердің маңызды екенін айтады.

Александр Казанцев – “Вода “Хрустальная” ЖШС директоры

– Мұндай құқықтық акт міндетті түрде қажет. Бұл бірінші кезекте ауыз судың қауіпсіздігі мен сапасы. Яғни таза ауыз судың құрамында макро және микрокомпоненттер толығымен болуы керек.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысының аймақтық штабының отырысына қатысушылар үш сұрақты қарастырып, талқылады. Өңіріміздің кәсіпкерлерінен түскен ұсыныстар мен өтініштерді техникалық реттеу және метрология комитетінің өкілдері тыңдап, өз бақылауларына алды.

Риат Шони.