Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары студенттермен кездесу өткізді

Жиында спайсты бір қолдануының өзінен адам ағзасында оған тәуелділік туындайтыны да айтылды. Сондай-ақ, шегуге арналған қоспалардың арты неге әкеліп соғатындығы жайында дайындалған екі бейнеролик көрсетілді. Нашақорлардың өмірінен алынған фактілердің шынайылығы сонша есірткіге деген жиіркеніш сезімін тудырады.

Бұдан кейін ювеналдық полиция қызметкерлері колледж студенттеріне есірткіге қатысты заңбұзушылықтар үшін азаматтар қылмыстық кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылатынын хабардар етті.

Юрий Кшановский – Гуманитарлық-техникалық коледждің I курс студенті.

-Менің ойымша спайсты тек әлсіз адамдар ғана қолданады. Мықты адам, керісінше өзінің бос уақытын ысырап етпей, спортпен айналысуы керек.

Облыстық Ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының мәліметі бойынша жыл басынан өңірде есірткіге қатысты 153 қылмыс тіркелген. Заңсыз айналымнан 4 келіден астам түрлі наша тәркіленіпті. Оның 100 граммнан астамы – героин.
Бүгінде облыстық наркологиялық орталықтың есебінде 762 адам тіркеуде тұр. Оның 53-і нәзік жандылар болса, тағы 16-ы – жасөспірімдер.

Әлия Нұртазина – Петропавл қалалық ІІБ ювеналды полиция инспекторы.

-Наркологиялық орталықтың өкілінің қатысуымен спайстың зияны туралы дәріс оқылды. Студенттерге аталған затты қолданудың салдары туралы шынайы фактілер жазылған бейне ролик көрсетілді. Мамандармен бірлесіп жүргізген мұндай шараның пайдасы бар.

Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жыл басынан бері жастармен осындай мазмұнда 10-нан астам кездесу өткізген. Ондағы мақсат – алкаголь, темекі мен есірткіні қолданудың салдарын түсіндіру. Мұндай алдын-алу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады.

 

 

Данаш Хамзина.