Без категории

Қазақстанға майдандас досын іздеп келген ардагер

Галимзян Ақболатов: Ұлы Отан соғысының ардагері

– Әскерге шақырылғанда 17 жасқа әлі толмаған едім. Қиыр Шығыстағы фронт қатарына алындым. Қырағы әрі қимылым тез болғасын, барлаушылықпен айналыстым. Ондағы Спайперлер мектебін бітіргесін де отаныма жібермей алып қалды. Неге ұстап отырғанын білмедік. Сөйтсем Корейлермен арадағы қақтығыс туындауы мүмкін болғандықтан, бізді әдейі даярлаған екен. Сол кездегі оқу-тәжірибенің нәтижесі болу керек, 89 жасқа келсем де көзім жақсы көреді.

Мынау – 1947 жылға дейін Кореяда 991 атқыштар полкінде бірге қызмет атқарған қарулас серігі Бисенбай Тәжіғұловпен түскен суреті. Ақсақал мұны соғыс уақытында түсірілген суреттеріне қосып, бүгінге дейін жоғалтпай сақтап келген. 1959 жылы ел соғыстан кейінгі қиыншылықтан көз ашып, енді ес жия бастаған кезде отаны Башқұртстаннан солтүстікқазақстанға жұбайы мен балаларын алып көшіп келген. Ондағы бар ойы – қазақстандық досын іздестіру болған.

Галимзян Ақболатов: Ұлы Отан соғысының ардагері

 

– Майданға Қазақстаннан келген заттар пайдаланылды. Қасымдағы жолдасым қазақстандық еді. Туған бауырымдай болып кетті. Мұнда көшіп келе, сала оны іздеумен айналыстым. Бірақ таппадым.

Жеңіске үлес қосқан ардагердің есігін мерекесімен құттықттықтап бүгінгі буын өкілдері жиі қағатын көрінеді. Солардың бірі алдағы 9 мамыр мейрамымен құттықтап келген СҚО-ның армян диаспорасының өкілдері.

Қарт сержант бүгінде жұбайы Магзиля апаймен 3 баладан сүйген немерелерінің қызығын айтып, шүйіркелесіп отырады. Одан бөлек көктем шыға көкеністер отырғызып, жаз бойы күтіп баптайды. Бұл – олардың отасқан 64 жылдан бергі ермегі.

Акбопе Танирберген.