Білім

Көп ұлтты болуымыз – біздің байлығымыз

Алина Шаньгина – байқауға қатысушы

– Мен көптеген байқаулар мен сайыстарда өз өнерімді көрсетіп жүрмін. Міне, бүгін де ұлттық келісімді нығайтатын фестивальға қатысып, өз үлесімді қосқым келеді.

Түрлі ұлт өкілдері арасында өткізіліп жатқан байқауда Алина Шаньгина қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі – Мағжан Жұмабаевтың, “Мен жастарға сенемін” атты өлеңін мәнерлеп оқыды.

Бүгін гуманитарлық-техникалық колледжде “Бірлік” жастар орталығының тұсауы кесіліп отыр. Бұл ұйым, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ашылған. Колледж директоры Александр Мерктің айтуынша, оқу ордасында білім алатын түрлі ұлт өкілдерінің арасында достық қарым-қатынас, толеранттылық мәдениеті насихатталуы қажет.

Александр Мерк – Гуманитарлық- техникалық колледж директоры

– Біздің білім беру кешенінде бүгіннен бастап, “Бірлік” жастар орталығы жұмысын бастады. Менің ойымша, студенттер үшін бұл ұйымның маңызы зор. Себебі, түрлі ұлттың жастары осы орталықтың арқасында, басқа халықтардың тарихын, мәдениетін, дәстүрін зерттеп, танитын болады. Қазіргі таңда, колледж оқытушылары мен студенттері 9 ұлт туралы 300-ге жуық түрлі материал жинап, ұсынып отыр.

“Бірлік” жастар орталығының ашылуына арнайы ұйымдастырылған байқауда 40-қа жуық талантты студент бақ сынасты. Олар, фестиваль барысында қазақ, татар, орыс, өзбек, украин, неміс халықтарының ұлттық өнерінен сыр шертті.

 

 

Сагыныш Маркашева.