Без категории

Отан үшін от кешкен ардагер

Аманжол Әбілхаятов – Ұлы Отан соғысының ардагері.

– Біз 41 жылдың орта кезінде бардық. Мәскеудің түбінде Внуково деген аэродром болды. Сол жерде болдық. Біздің солдаттар күшті істеді. Аштыққа, жалаңаштыққа – бәріне де шыдадық.

Аманжол ақсақал әскер қатарына 17 жасында шақырылыты. Өрімдей жігіт алғашында Мәскеу қаласында парашют жинақтаушы, кейіннен десант, жаяу әскер қатарында болып неміс басқыншыларымен күрескен. Ардагер қазір бейбіт заманға шүкіршілік етеді.

Аманжол Әбілхаятов – Ұлы Отан соғысының ардагері.

– Үкімет көмек көрсетіп жатыр. Мына үйді берді. Рахмет Үкіметке, біздің еңбегімізді бағалады. Сендер келешекте ондайды көрмеңдер. Соғыс дегеннен пайда жоқ. Соғысты жеңу үшін көп күш керек.

Осылайша 1947 жылы соғыстан аман оралған майдангер еңбекке араласып, 50 жылға жуық уақыт ауыл шаруашылығы саласында аянбай қызмет етті. Отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Қазір ақсақал 8 баладан 15 немере 18 шөбере сүйіп отыр.

Санат Жақыпов – ардагердің немересі.

– Бұл кісі 90-ға келсе де бізге ақылын айтып, әрдайым кеңесші, ақылын беріп отырады. Газетті, теледидарды, жаңалықтар болса, қалт жібермей бәрінің жаңалықтарын біліп отырады. Мақтан тұтып айтып жүреміз осындай атамыз бар деп.

Ақсақал, бұйыртса, келер жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын қарсы алуға дайындалып отыр.

– Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 299 соғыс ардагері бар. Өкініштісі сол, қариялар қатары жыл санап сиреп барады. Бұл жандарға құрмет көрсетіп, қастерлеу кейнгі толқын жастардың қасиетті парызы болып қала бермек.

Джакупов Самат.