Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлердің жобалары үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі

– Біріншісінде 7 жоба қарастырылды. Олардың жалпы құны- 3,7 млрд теңгені құрайды. Бүгін тағы 4 жобаны қарастырамыз.

Ең алдымен Герман Мазурдың мал азығын дайындайтын және май соғатын зауыты жөніндегі жобасы қаралды. Оның құны – 607 млн. теңгеден астам соманы құрайды.

Марат Ысқақов- СҚО индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы

– Жоба қуаттылығы 18 мың тонна мал азығын, 1800 тонна тағамдық өсімдік майы және 700 тонна техникалық майды шығаруға қауқарлы. Зауытты 2017 жылы іске қосу көзделген. Қазір кәсіпорын ашу үшін Мамлют қаласында 4 гектар жер, қоймалық орын дайын. Қондырғылар да бар.

Жоба мақұлданса, 51 адам екі қолға бір күрек таппақ. Кәсіпкердің бұл ойы қолдау тапты. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов бизнесменге бастаған істі уақытылы аяқтап, мемлекет қолдауын барынша пайдалану қажеттігін айтты.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі

– Сіз мұнда өз жобаңызды таныстырып, мемлекет тарапынан қолдау алу үшін келдіңіз. Көмек көрсетілетін болады. Ең бастысы уақытты созбау қажет. Жобаның алғашқы кезеңін осы жылдың шілдесіне дейін жүзеге асыру керек. Қалғаны келесі жылға қалсын.

Ал керамикалық кірпіш өндірісі жөніндегі жоба кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады. Сондықтан кәсіпкерге оны толықтырып, қайта ұсыну қажеттігі айтылды. Автокөлік доңғалақтарын қайта өңдеу және жылу тиімді блоктар өндірісін кеңейтуге қатысты екі жоба мақұлданды. Кейін өңір жетекшісі кәсіпкерлердің мемлекет қолдауы жайлы әлі толық ақпарттандырылмағанын алға тартты. Бұл бағытта тиісті ведомство басшылары мен БАҚ өкілдеріне жағдайды түзету қажет деді. Яғни, бизнесмендерге арналған бағдарламаларды көптеп насихаттаған абзал.

 

Магжан Ахмадина.