Билік

Қытайлық инвесторлар облыста көлік-логистикалық орталық салу ұсынысын жасады

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Солтүстік Қазақстан облысының көліктік орналасу аймағы өте тиімді. Біздің өңірде қазақстандық және ресейлік темір жол байланысы жақсы дамыған. Оның үстіне биыл халықаралық әуежайды күрделі жөндеуді бастаймыз. Барлық жұмыстар аяқталған соң, жергілікті жерде қытайлық ірі жүк самолеттерін қабылдау мүмкіндігі туады. Ал кейін оны темір жол немесе автобайланыс арқылы Ресей мен өзге бағыттарға тасымалдауға болады. Сондықтан, жергілікті жерде көлік-логистикалық орталықты ашудың өз тиімділіктері бар.

Өңір басшысы орталықтың аясында облыс аумағында көкеніс сақтауға арналған қоймалар ашу жағын да қарастыруды ескертті. Айту керек, әзірше, көршілеріміз ұсынып отырған мұндай ірі логистикалық нысан еліміздің ешбір өңірінде жоқ. Шетелдік компания өкілдері бұл жобаның құрылысына қажетті қаражаттың 80 пайызын өздері құюға әзір отыр. Сондай-ақ, мекеменің жобалық институттары да, білікті мамандары да баршылық, тіпті құрылыс материалдарымен де қамтуға әзір.

Ци Чжу – Бейжің құрылыс компаниясының Астана қаласындағы филиалының директоры.

-Біздің компания Қытайдағы құрылыс алыптарының санатында келеді. Сондықтан, біз барлық жұмыстарды оның ішінде жобалау, құрылыс жүргізуді өзіміз қамтамасыз ете аламыз. Сонымен қатар, өзіміздің жеке заманауи құрылыс материалдарының зауыты да баршылық. Ендігі кезекте, екі мемлекеттің басшылары жасайтын келісімдерден соң, қаржы инстуттарын іске кірістіріп, жұмысты бастауға болады. Ал құрылыстың өзі шамамен 1 жылды қамтиды.

Облыс әкімі мейманға өңірдің мүмкіндіктерімен танысуға 1 ай мерзім берді. Кейін компания өкілдері солтүстікқазақстандықтарға өздерінің нақты ұсыныстарын жасаулары тиіс.

 

 

Гульмира Шохтыбаева.