МТРА жаңалықтары

Петропавлда облыстық оқушылар айтысы өтті

Наиль Изаметден – айтысқа қатысушы, Жамбыл ауданы.

-Айтыс қызықты өтуде. Оған дайындалу кезінде көп кітаптарды оқыдым. Көптеген Қазақстан тарихы туралы мәліметтер жинадым. Айтысқа қатысу оңай емес. Мұндай тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар жиналып отыр.

Жалпы оқушылар айтысы өңірде осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынып, кейін тұралап қалған болатұғын. Міне биыл облыстық білім басқармасының мұрындық болуымен төл өнеріміз қайта жанданды. Енді ол жыл сайын ұйымдастырылып тұрмақшы.

Гүлдарай Қайнетова – СҚО білім басқармасы жанындағы «Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар» орталығының директоры.

-Ақындар айтысына барлық аудандардан 26 оқушы қатысып отыр. Кешегі күні іріктеу кезеңі өтті. Бүгін міне содан жеті жұп суырылып шықты. Ал қалғандары жазба ақын ретінде өздерінің осы тақырыпқа арналған шығармашылықтарын ортаға салмақшы.

Мамлют ауданынан келген Санжар Тастамбеков қазір сахна сыртында домбырасын сайлап, дайындалу үстінде. 16 жасар азамат осы күнге дейін бірнеше айтысқа қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Болашағынан зор үміт күттіретін ақын.

Санжар Тастамбеков – Айтысқа қатысушы, Мамлют ауданы.

-Бүгінгі қарсыласым Алтынбек деген досым. Өзін көптен бері танимын. Жерлесім, осал айтыскер емес. Алғаш шығайын деп тұр. Енді алла ауызына сөз салып, керемет айтыс өткізіміз деген ойдамын. Соңғы жұппыз. Соңғы түйенің жүгі ауыр ғой. Сондықтан айтысты көркейтуге тырысамыз.

Жалпы жеңімпаздар ақшалай сыйақымен білім басқармасының түрлі грамоталарымен марапатталды.

 

 

Самат Джакупов.