МТРА жаңалықтары

Петропавлда 2 қабатты коттедж өртенді

Жол патрульдік полиция өкілдері Әуезов және Зауыт көшесінің қиылысындағы көлік қозғалысын шектеді. Себебі, Қопай көшесі, 204 мекен-жайында орналасқан 2 қабатты жеке тұрғын үй отқа оранып жатыр. 3 бірлік су сепкіш техниканың көмегін 20 шақты өрт сөндіруші тілсіз жаумен арпалысып жатыр. Өрт шамамен сағат 10-нан 35 минут кеткенде шаққан. Төтенше жағдай туралы хабарды өрт сөндірушілерге жолшыбай осы баспананың маңында өтіп бара жатқан жүргізуші жеткізеді.

Аман Әуесханов, СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің баспасөз хатшысы

– Оқиға орнына 2 бөлімшенің өрт сөндірушілері келді. Қазір қызыл жалын толығымен ауыздықталды. Баспананың үсті тез тұтанғыш андулина материалымен жабылған. Ол біраз бықсып, өртті сөндіруге кедергі келтірді.

Көршілердің айтуынша, өртеніп кеткен баспананың қожайыны жалғыз тұрған. Үйі отқа оранғанда ол жұмысында болыпты.

Дамир Шафигуллин, көршісі

 

– Өрттің шығу себебі әр түрлі болуы мүмкін. Бәлкім от пештен шыққан шығар. Менің көршім еңбекқор адам. Араққа әуестігі жоқ. Ол біздің ауданға 2 жыл бұрын көшіп келді. Мына 2 қабатты үйді өз қолымен жақында ғана тұрғызып болды. Біз оның жаңа баспана салып алғанына қуанып жүр едік. Барлық еңбегі зая кеткені бәрімізге өкінішті, ішіміз ашып отыр.

Өрттің нақты қайдан шықаны белгісіз. Қазір мамандар оның себебін анықтау үстінде. Жыл басынан өңірде осыған ұқсас 132 оқиға тіркелді. От 8 адамның өмірін жалмады. Тағы 7-еуі түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды.

Берик Касен.